Дөненбаевтар саябағы оған ағайынды кәсіпкерлер 50 миллион теңге жұмсады

Ауданда әр аптаның жұма және сенбі күндері көріктендіру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық күні болып жарияланғалы үлкен мен кіші қолына күрегі мен сыпырғышын алып, көшеге шығуды әдетке айналдырған. Өткен сенбіде Байзақ ауданымен шектесетін шекарадан бастап «Алматы-Ташкент» тас жолының бойындағы тал-дарақты әктеу жұмысы қолға алынды. Жол бойын қоқыстан тазарту мен абаттандыруға 37 мекеме қызметшілері қатысты. Жеті шақырым болатын жолдың екі жағындағы ағаш түптері түгел әктелді.
Дәл осы күні барлық елді мекендерде жұрт жаппай сенбілікке шығып, көшелерді, аулалар мен гүлзарларды, ескерткіш төңірегін, саябақтарды күл-қоқыстан тазартты. 100 тоннадан аса қалдық шығарылды.

Ал, Жарлысу ауылында жаңа саябақтың негізі қаланды. Шынәсілов атындағы орта мектептің директорымен хабарласқанымызда:
– Ағайынды Сайрамбай және Мейрамбай Дөненбаевтар демеушілік жасап, ашаршылық құрбандары мен қуғын-сүргінге ұшырағандарға, майдангерлерге арналған ескерткіш-монумент пен аумағы 1,8 гектар жерді алып жатқан саябақты қоршап, оған әр түрлі сәндік ағаштарын отырғызу мақсатына 50 миллионнан аса теңге қаражат бөлді. Мектеп пен интернат аралығындағы осынау саябақ пен «Түлектер аллеясын» жасауға екі жүзге тарта мектеп оқушылары мен мұғалімдер, ауыл азаматтары жұмылды, – деді ол.
Монументтің жобасы жасалып, үш бәйтерекке шаншылған шаңырақ сұлбалы белгі қазір сәулетшілердің қолынан өтуде. Келешекте ол да шағын ғана ауылдың реңін ашып, өткен күндерден белгі бар екенін барша жұртқа ескертіп тұратынына күмән жоқ. Ал, жар жағалай егілген 600 түп бәйтерек пен 130 түп арша, 150 түп емен ағашы бір кезде жарлысулықтардың жиі келетін демалыс орнына айналары сөзсіз.

Сейсен Қожеке,

Т. Рысқұлов ауданы.

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз