Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты алдын ала тыңдалым басталды

Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталды. Айта кетейік, сотта Бишімбаевтан өзге тағы 22 адамның ісі қаралып жатыр. Бұрынғы ұлттық экономика министрі мен оның сыбайластарына пара алды, мемлекеттің қыруар қаржысын жымқырды деген айыптар тағылған. Сот тыңдалымына тілшіміз Дәуренбек Бағдаулетұлы да қатысып қайтқан еді.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

- 23 айыпталушы. Бірнеше томды құрайтын іс. Бұл сот процесінің оңай болмайтыны әу баста-ақ мәлім болған. Тыңдалымға жиналғандардың қарасы қалың. Қуандық Бишімбаев пен өзге де осы іске қатысы бар фигуранттардың жақын туыстары, бұрынғы әріптестері мен журналистер қауымы бар.

Экс-министр Бишімбаев осы жылдың қаңтарында қамауға алынған. Ә дегенде ол «Бәйтерек» ұлттық басқарушы xолдингіне жетекшілік еткен тұста 1 млрд 200 млн теңге қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген. Кейін бұл іске қатысты жаңа деректер шықты. Ақыры Қуандық Бишімбаевқа "пара алу" және "сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап ету" баптары бойынша айып тағылды. Одан өзге 22 адам "Байтерек Development-тің" бұрынғы басшылары мен олардың орынбасарлары, арасында Қуандық Бишімбаевтың немере інісі Сұлтан Нұрлыбек те бар. Бишімбаевты адвокат анасынан бөлек тағы екі қорғаушы қорғап жатыр. Іс 250 томнан тұрады. Адвокаттар "сот істі прокуратураға қайта жолдауы тиіс, себебі шикіліктер көп" дейді.

Сейіт Рахманов, Қ.Бишімбаевтың адвокаты:

- Біз ешқандай шығын келген жоқ деп есептейміз. Ал айтылып жатқанның бәрі шыны зауытына қатысты азаматтық-құқықтық мәселелер. Біздің қорғалушымыз кінәлі емес. Істің тергелуі барысында дәлелдер бұрмаланған. Біз бүгін бірнеше тың дәйектер келтірдік. Бұл әлі басы. Алдағы уақытта сот отырысында барлық жаңа дәлелдерді көрсететін боламыз.

Адвокаттың айтуынша, Бишімбаевқа қатысты қылмыстық істің қозғалуына аға тергеуші Ақылбаев деген азаматтың рапорты себеп болған. "Алайда бұл есеп іс қозғалған уақыттан әлдеқайда кеш жазылған. Тіркелген күні де күмәнді. Санамалай берсек, бұрмаланған дүниелер көп",- дейді қорғаушы тарап. Сондықтан істі прокурорларға қайта жолдау керек деп отыр. Алайда қадағалаушы орган өкілдерінің өз уәжі бар. Олар жақын күндері қылмыстық іс бойынша жаңа айыптау актісі ұсынылатынын хабарлады.

Сауле Сыдықова, мемлекеттік айыптаушы:

- Қылмыстық істі прокурорларға қайтару бойынша адвокаттың шағымы негізсіз деп есептеймін. Бишімбаевтың ісі қылмыстық істегі өзге азаматтардың көрсетуімен, және мамандардың шешімі, сот сараптамалары негізінде дәлелденген. Сондықтан, керісінше, Бишімбаевтің кінәлі екеніне дәлелдер жеткілікті дегенді айтқымыз келеді. Ал бұрынғы мәжіліс депутаты, айыпталушының әкесі Уәлихан Бишімбаев соттың әділ өтетініне сенуден басқа амалы жоқ екенін айтты.

Уәлихан Бишімбаев, Қ.Бишімбаевтың әкесі:

- Адвокаттардың шағымын естідіңіздер. Заңды бұзған жағдайлар көп. Әсіресе тергеу кезінде. Барлығының бағасын сот береді. Сот әділ болады деп сенемін.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

- Экс-министр бүгінгі сот тыңдалымында өзін кінәлі деп есептемейтінін бірнеше рет қайталап айтты. Оның немере інісі де осындай пікірді ұстанып отыр. Ал өзге 20 күдікті өздерінің кінәсін мойындаған. Айта кетейін, Бишімбаевтың ісін елдегі ең атышулы экономикалық қылмыстық істерге қатысты үкім шығарған судья Әділхан Шайхисламов қарап жатыр.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз