Елбасының бейнеленуі ұлттық теңгенің бағасын арттыра түседі - Ақсерік Әйтімов

Елбасымыздың жаңа 10 мың теңгелік банкнотада бейнеленуі оның бағасын одан сайын арттыра түседі. Бұл туралы батысқазақстандық ғалым, «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Инженерлік академиясының академигі, оның БҚО филиалының төрағасы Ақсерік Әйтімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, теңгені айналымға енгізуде Елбасымыздың еңбегі өлшеусіз зор. Сол бір күрделі кезеңде жаңа валютаға өтудің екі жолы болды. Оның біріншісі басқа одақтас республикалардағыдай, екі кезеңді қамтитын реформа жолы еді. Бұл бойынша алдымен уақытша ақша бірлігі айналымға енгізіліп, кейін тұрақты валютаға көшу керек болды. Қазақстан бірден ұлттық валюта енгізу туралы шешімді қабылдады.  Мұның бәрі Елбасының басшылығымен жүргізілгені мәлім. Жаңа валютаның атауына қатысты бірқатар ұсыныстар болды. Академик-ғалым, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сауық Тәкежановтың ұсынысымен жаңа ақшаны теңге деп атау туралы шешім қабылданды. Шын мәнісінде теңге сөзінің тарихы тым әріде жатыр. Орта ғасырлардағы түркі елдерінің күміс ақшасы осылай аталса, кейін бұдан орыс халқының «деньги» сөзі шықты.

 «Міне, 1993 жылдан бері біздің теңгеміз күллі әлемге әйгілі болды. Оның дизайны қазіргі заманғы талаптарға сәйкес өзгертіліп, жаңарып келеді. Бұл, әрине, өте орынды. Теңге - ел тәуелсіздігінің бір белгісі іспеттес. Сондықтан оған әркез құрметпен қарауды, әсіресе, жастарымызға терең ұғындыра білуіміз керек. Бұл - аға ұрпақтың міндеті. Осы мақсатта «Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті» мемлекеттік емес білім беру мекемесінде «Теңге - тәуелсіздігіміздің теңгерімі» деген тақырыпта арнайы апталық ұйымдастырдық. 10 мың теңгелік банкнотада Елбасының бейнеленуін түрлі ұлт өкілдерінен құралған профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер де қолдап отыр. Олардың бәрі де төл теңгемізге құрметпен қарап, тәуелсіз еліміздің одан әрі өркендеуіне өз үлестерін қоса беретіні анық», деді Ақсерік Әйтімов. 

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз