Ит пен мысыққа қонақ үй ашқан кәсіпкер көше кезбелерін қамқорлыққа алмақ

Осыдан 2 жыл бұрын жан-жануарлар үшін жайлы орын ашып, еріктілердің күтім жасауына мүмкіндік берген Мирғали Қалдығұлов енді үй-күйсіз жүрген адамдарға арнап тамақтану, жатын орнын салуды, пони асырап, туа бітті сал ауруына шалдыққан балаларды иппотерапия әдісімен емдеуді мақсат етті, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Ақтөбелік кәсіпкер Мирғали Қалдығұлов осыдан 2 жыл бұрын иесіз қалған жануарларға арнап қонақ үй ашқан болатын. Қазір мұнда 11 ит пен 40 мысық бар. Арасында асыл тұқымды жануарлар кезігеді. Қонақ үйге түскен ит-мысық алдымен мал дәрігеріне қаралып, кейін тазартылады. Екпе жасалып, тамақтандырылады. Барлығы 20-дан астам ерікті арнайы күтім көрсетіп, олардың ас-суын беріп жүр. Олар әлеуметтік желілер арқылы иелерін, асырап алам деушілерді де іздейді.

«Таяуда өзіміз секілді еріктінің бірі ит әкелді. Қалада тұратын иесінің үйі жанып кетіп, ит аман қалған екен. Адамның қарауында болған, жағдайы жақсы жан-жануарларды біз арнайы әлеуметтік желіге салып, қамқор жан іздейміз. Күтім жасаймын деген адамдар үшін бәрі тегін. Ал асыл тұқымды иттерді алғысы келетін адам қонақ үйдегі жануарларға тамақ әкелсе жеткілікті»,- дейді ерікті Людмила Тарасова. Бір ерекшелігі, асырап алған соң да еріктілер бақылауын жалғастырады екен. Иесінің күтіміне көңілі толған соң ғана ит-мысықты сеніп тапсырады.

«Өзім ит пен мысықты жақсы көремін. Үйімде 3 ит, 3 мысық бар. Сондықтан арнайы қонақ үй ашып, бар шығынын өзім өтеп отырмын. Мұнда айында 5-6 жануарды әкеледі. Иттердің көбі зәбір көрген, иесі ұрған, көлік қағып кеткен. Ал кейбірі қартайып, қауқары кеткен. Оны далаға тастайды, ал еріктілер қонақ үйге әкеліп, бағады. Өз еркімен жұмыс істейтін адамдар арасында мал дәрігерлері де бар. Екпе жасап, арнайы жуындырады. Тамақтандыру үшін 40-50 мың теңге жұмсаймын. Екі жылда барлығы 200-ден астам ит-мысықты қамқорлыққа алып, оларды жақсы адамдардың қолына тапсырдық»,- дейді кәсіпкер Мирғали Қалдығұлов.

Айта кетейік, 20 тамыз – иесіз қалған жан-жаруарларды қорғау күні. Ақтөбелік еріктілер бұл күні бас қосып, ит-мысықтардың иесін іздеді, әлеуметтік желі арқылы хабарландыру берді. Ал кәсіпкер Мирғали Қалдығұлов алдағы уақытта үйсіз жүрген адамдарды тамақтандырып, олардың түнеп шығуына ыңғайлы орын ашпақ ниетте.

«Көше кезбелері үшін жайлы орын салуды мақсат еттім. Олар кешке келіп, тамақтанып, жылы орында ұйықтаса деймін. Сонымен қатар, қазір понилер үшін арнайы қора салынды. Енді жануарды сатып алып, туа бітті сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге үлес қосқым келеді. Мен кәсіпкер болғаныммен, игі істеріммен адамдарға көмектесуді ойлаймын»,- дейді ол.


http://bnews.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз