Қасиетті мекенге қара сора еккен кім?..

Осыдан дәл бір апта бұрын облыстық ІІД және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге таң қараңғылығында жолға шықтық. Сол күні түнімен жауып, төңіректі ақ ұлпаға орап үлгерген алғашқы қар әлі де тынбастан төпелеп тұр еді.

Самара – Шымкент күре жолымен сапар шеккен көліктер ауа райының қолайсыздығына байланысты баяу қозғалып келеді. Тәртіп сақшыларын тобықтан асса да, толассыз соққан қарлы боран мен жолдың тайғақтығына қарамай алыс сапарға алып шыққан басшылықтың жедел тапсырмасы еді. Шыңғырлау ауданының Қаратөбе ауданымен шектесер тұсынан жасырын түрде қара сора егілген алаңқай табылған. Бұл жағымсыз жайтты алдымен Қаратөбе ауданына қарасты Егіндікөл ауылының бүлдірген теруге шыққан тұрғындары аңғарыпты. Тұрғындар «Мұның артында әлдебір қауіпті қылмыстық топ тұрып, өмірімізге қауіп төндіре ме?» деп үрейленгендіктен, аталмыш хабар нақты әрекет жасайтын құзырлы құрылымдарға кешігіңкіреп жеткен. Облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин мәселені естіген бойда қарауындағы қызметкерлерге жедел түрде атқа қонуға тәртіп берді.

Облыстық жергілікті полиция қызметіне қарасты ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы Бердібек Төлеуғалиев, облыстық ішкі істер департаментіндегі есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлімше бастығы Ғайнел Қайнеденов және есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Сергей Кругловтай тәртіп сақшылары аяқ артқан мекеменің жол талғамайтын көлігі түс ауа межелі жерге келіп тоқтады. Егіндікөл ауылы мен Шыңғырлау ауданына қарасты Сегізсай ауылының арасында ұзына бойы көсіліп жатқан төртінші сайдың тұсы.

Мұзы қатып үлгермеген Қалдығайты өзенінің арғы бетіне қайық арқылы өттік. Заңсыз егілген қара сора алаңқайына жету үшін екі шақырымдай жаяу жүруге тура келді. Ұлпа қардың қалыңдығы тізеге жақындап қалған. Өзеннен өтіп, тоғайлы сайдың қойнауына енгеннен кейін жел тынып, айнала жым-жырт бола қалған еді. Шоқ талдың арасынан шыға келген қос елік бізге үдірейе қарап біраз тұрды. Топ адамның назары түздің сұлу жануарларына тегістей ауған сәтте еліктер қатарласа қарғи секіріп, тал арасына қайтадан зып берді. Қара сора отырғызылған жерге таяған сайын тал арасымен өтіп келеміз. Әлдебір жай пісетін жабайы жемістер әр жерде ақ қардың үстіне қып қызыл боп төгіліп тұр. Алғашқы қар түскесін терілетін шипалы итмұрынның да дәмі бабына келген екен.

Қара сораны Қалдығайты өзенінің жағалауына жақындатып отырғызыпты. 150 шаршы метрге жуық аумақты тегістеп, тал көшетін отырғызғандай шұқырлап еккен, тұрақты күтім жасалғаны аңғарылады. Өнімді түгелдей теріп кеткен. Өзенге қарай жүргенде бір бұтаның түбінде заңсыз егістік «бағбанының» тамақ пісіретін ыдысы, баклажка, қапшық және джинсы шалбары жатыр. Тәртіп сақшылары шалбар қалтасынан қара сора өнімін тапты. Тағы бір түкпірден консерв қалбырлары, дизель майы табылды. Дизель майы егістікті суару үшін өзеннен су соратын моторлы қондырғыға құйылуы ықтимал. Егістік маңынан аулағырақ қалың тал өскен. Ішінде жалғыз кісілік күрке тұр. Күрке жуандығы айырсаптай болатын тоғай ағаштарынан жасалып, үстінен жауын-шашын өтпейтіндей етіп целлофан  жабылған. Целлофан үстіне қабаттап қалың төсеніштерді тастай салыпты. Күрке ішінде де төсеніш, жастық, киімдер, картон қорапта пияз қалыпты. Күрке алдындағы біріне бірі тақала өскен биік қос ағашқа көлденең басқыштар қағылып, төңіректі алыстан шолатын «мұнара» жасалған. Аң етін әлде су болған киімдерді жайып кептіруге арналған болса керек, алшақтау өскен екі тал арасына көлденең сырық және қағылған. Күрке аузынан сәл қиыстау бір қалтарыста бос әскери жәшік жатыр…

 

Заңсыз егістік егілген аймақ мұқият бажайланған соң, өткелден кері өтіп, көлігімізге міндік. Ауылға қарай сәл жүргенде келген ізімізді жалғыз аяқ жол салып жаңа ғана қиып өткен қабан ізіне кез болдық.

Қасиетті Аққұмның дәл іргесінде орналасқан бұл маңай – табиғат пен аң-құсқа ғана емес, тарихқа да бай өлке. Аңыз-жырлардағы дерек бойынша, осы жерге ат ізін салған қара қыпшақ Қобыланды хикаясын айтпағанда, бұл жердің Қазақстан тарихындағы әйгілі Жоламан батыр Тіленшіұлының жаз жайлауы болғандығы мұрағатта анық хатталған. Осы маңдағы орманның бір бөлігі Жоламан батырдың ұлы Жәшидің есіміне байланысты Жәшитал деп аталады. Жәши Жоламанұлы Аққұмның етегіне жерленген. Ал Тәуке хан заманында үш жүздің біріккен қолына бас қолбасы болып, елдігімізге қауіп төндірген дүрбін-ойратқа ойсырата соққы жасаған Жиембет табын Бөкенбай батыр туралы «Аққұмнан шыққан ақберен» атты тарихи деректі фильм Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсіріліп еді. Жоламан батыр осы Бөкенбай батырдың Тіленші тарханнан туған немересі екендігі тарихтан белгілі. Оның үстіне дәл осы төртінші сай мен бесінші сайдың аралығында ерте кезде Жиембет табынның дін адамдары ұстаған ескі мешіттің орны әлі күнге дейін сақталған. Бүгінгі таңда бұл жерді осындай бай тарихына байланысты Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы Қазақстаннның киелі жерлерінің географиясы жобасына енгізу туралы ұсыныс жасалуда. Осынау қасиетті мекенге қара сора егіп жүрген кім болды екен сонда?..

Облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин осы қылмыстық әрекетке байланысты іздестіру жұмыстары қолға алынғанын, бұл жағдай облыстағы барлық учаскелік инспекторларға зор сабақ болуы тиіс екенін, сондай-ақ мәселенің алдын алу үшін алдағы уақытта адам көзінен таса жатқан далалық аймақтарда жиі-жиі рейдтер ұйымдастырылып, қатаң бақылау орнатылатынын мәлімдеді.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз