Қатерлі дертті жеңген жанұя

Тағдыр тауқыметін көріп, қиындығына мойымаған қайсар жандар өмірде баршылық. Алайда өзгенің өмірге деген құлшынысын арттырып, дендеген дертті жеңуге болатынын дәлелдегендері бірен-саран ғана. Осыдан 14 жыл бұрын 56 жасында қатты сырқаттанып,  дәрігерлер «Дертіңіз ұйқы безі қатерлі ісігінің төртінші сатысы. Алты айлық  ғана ғұмырыңыз қалды, химиятерапия алуға да мүмкіндігіңіз жоқ. Сондықтан үйден күтініңіз» деп онкологиялық ауруханадан шығарып жібергенде, Жақсылық Жұмабаев ағамыз жеңгеймен лағыл тойын (отау құрғандарына 40 жыл) тойлаймын деп ойламаса да  керек. Тап осы мақалада меңдеген қатерлі дертті жеңіп, жұбайы Маржан Шәріпқызымен бақытты ғұмыр кешіп отырған отағасы туралы әңгімелемекпіз.

Жақсылық Жұмабаев бұрынғы Фурманов ауданына қарасты Қарасу ауылдық кеңесінің аумағындағы Қашқар елді мекенінде жарық дүниеге көрінген. Отбасындағы үш ағайынды жігіттің кенжесі. Ұлы Отан соғысына қатысқан әкелері өмірден ерте өткен. Ол кезде кейіпкеріміз төртінші сыныпта, ортаншы ағасы оныншыда, ал үлкені әскерде болған екен. Олар Қарасудағы мектепте сегізінші сыныпқа дейін білім алып, 11-сыныпты Талдықұдық ауылындағы орта мектептен тәмамдайды. Елде қалған екі ағайынды жігіт аналарымен бірге күнкөріс қамы үшін жұмыстың ауыр-жеңілін таңдамастан еңбек етеді. Содан әскерден ағалары келіп, колхозға шопыр болып тұрақты жұмысқа кіріседі. Алайда жаңадан етек-жеңін жинап, тұрмыс тауқыметін артқа тастап, бірқалыпты күй кеше бастағанда, үлкен ағасы науқастанып, қайтыс болады. Бұл Жұмабаевтар әулеті үшін орны толмас қайғы еді. Уақыт бір орында тоқтап қалмайтыны белгілі. Кейін Жақсылық ағамыздың өзі әскер қатарына алынады. 1969 жылы елге оралысымен, ортаншы ағасы Асқар Әлмұханов прораб болып қызмет атқаратын Жұлдыз совхозында киномеханик болып, біраз тәжірибе жинайды. Жұмыс жасай жүріп кейіпкеріміз бала күнінен армандаған заңгер мамандығы бойынша оқуға тапсырмақ болады. Алайда бұл мамандыққа жолы болмай, 1971 жылы Алматы қаласындағы гидромелиоративтік техникумға оқуға түсіп, 1975 жылы техникумды үздік бітіріп, еңбек жолын Айдархан су қоймасында инженерлік қызметтен бастайды. Сол ауылдағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Маржан Хайруллинамен шаңырақ көтереді. Жас жанұя екі перзент сүйген соң қалаға көшуге қам жасайды.

– Бірде жұмыс барысымен қалаға келгенде, менен бір сынып төмен оқыған Теміреш Искаков есімді азаматты кездестірдім. Ол «Орал құрылыс комбинатында» басшылық қызмет атқарады екен.

Маған жұмысқа орналасуға көмектесетінін айтып, қалаға көшіп келуге ұсыныс жасады. Жастықтың қызуы шығар, ауылға келе сала жұбайым екеуміз дүние-мүлкімізді сатып, жұмыстан шығып, тәуекел етіп қалаға көшіп келдік. Мақсатымыз – балаларға қалада білім беріп, қаланың өміріне ерте үйрету, қалаға тұрақтандыру болатын. Темірештің арқасында сол мекемеге прораб болып қызметке тұрып, екі бөлмелі қызметтік үй алдық. Ол үй бізге хан сарайындай еді. Сол үйге бір тойдың қонағын қарсылайтын едік қой, шіркін! Ауылдағы ағайын, көрші-көлемнің барлығы бізге келетін. Менің қалаға тұрақтап қалуыма Теміреш жолдасымның үлесі зор болды. Сол мекемеде тапжылмастан жеті жыл қызмет атқарған соң «Тұрғын үй – 1991» мемлекеттік бағдарлама бойынша төртінші шағынауданнан төрт бөлмелі пәтер алдық. Ол кездегі қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бөлмелері кең, балалар асыр салып ойнайтын болды. Сол кезде төрт бөлмелі пәтердің ішіне қоятын біздің жиһазымыз да жоқ. Бірақ бақыттымыз. Біз көшіп келген соң 1990 жылы үйіміздің алдына №24 мектеп салынды. Жұбайым сол мектепке мұғалім болып қызметке кірісіп, зейнеткерлікке дейін директордың орынбасары қызметін атқарды. Екеуміз таңнан кешке дейін жұмыста болғандықтан, екі ұлымыз үйдің ішкі-сыртқы жұмыстарының барлығын өздері атқаратын. Балаларымды екі нәрседен қашық етіп тәрбиеледім. Біріншісі, өтірік айтпау, екіншісі, ұрлық жасамау болатын. Екеуінің де арты бір-ақ тұтам екенін тү-сіндірдім. Оларға «Егер өтірік айтсаңдар қашан да болмасын оның ақиқаты белгілі болады. Сол кезде араласатын дос-жарандарың, жұмыстастарың сенбейді және адал сөздерің зая кетеді» деп құлақтарына жиі құя бердім. Аллаға шүкір, қазір олар да есейді, өздерінің отбасылары бар. Мені әке ретінде ұялтатындай әрекетке барып көрген жоқ, – дейді ақсақал.

Кейін 2003 жылы 56 жасқа келгенде Жақсылық аға қатты науқастанып, ауруханаға түседі. Ауруханада дәрігерлер қатерлі ісік диагнозын қойып, оған ешқандай ем әсер етпейтінін, алты, әрі кеткенде сегіз айлық ғұмыры қалғанын айтып шығарып салады.

– Бұл дерт атауының өзі адамға үлкен психологиялық соққы беретінін аталмыш диагноз қойылған жандар жақсы біледі. Бұл дертті жеңемін деген адам, ең бірінші, рухани сынбауы керек. Ауруға берілмеу қажет. Жұбайым, балаларым, туысқандарым барлығы көз жастарына ерік беріп, енді не істейміз деп уайымдағанда, мен өзімді сабырлы ұстадым. Өйткені ажалың тура келсе, қандай жағдайда да алып тынады. Ұйқы безі қатерлі дертімен науқастанған миллионерлердің өзі Израилға, Америкаға барып ем алса да, Қорқыттың көрінен құтылмаған. Мен халықтық ем арқылы емделдім. Кенже ұлым Қайрат таныстарынан ресейлік өнертапқыш Николай Шевченконың «Метод лечения «неизлечимых» болезней» атты кітабын алып келді. Онда рак, бауыр циррозы, гепатит, панкреатит, диабет, артрит, астма секілді әр түрлі қатерлі аурулардан емделудің жолы жазылған. Мен соның ішіндегі қайнатылмаған шағу майды араққа қосып дайындайтын тұнбасын кесте бойынша аш қарынға екі жыл қатарынан іштім. Жұбайым Маржан салауатты өмір салтын сақтау туралы «ЗОЖ» журналының бұрынғы тігінділерін тауып, сонда жазылған тұнбаларды дайындап берді. Алдыма әкелген тұнбаны таңдамай іше бердім. Тұнбаны ішкен оңай-ау, алайда арнайы диета ұстауы қиын болды. Сүтке, суға піскен күріш, ботқа, құмықпен тамақтандым. Есімде қалғаны ауырған бірінші жылы қызылшаны күн сайын жейтін едім. Қызылша – өте пайдалы көкөніс. Адам бір нәрсені шектен шыға жегенде ол тамақтан шығып кетеді екен. Қазір қызылшаны жегім келмейді. Сосын ауруымнан сауығуыма адамдардан алған алғысымның да үлесі зор болды деп ойлаймын.

Жастар білмейтін шығар, 1980-90 жылдары ұсақ бұзақылықтары үшін істі болған адамдарды түрмеге түсірмей, қаладағы қара жұмысқа, яғни сол кезде «химияға» жіберуші еді. «Орал құрылыс комбинатында» қызмет атқарған кезде қол астымда сондай жастар көп болды. Оларға арақты ауыздарына татып алмау туралы талабымды қойып, маман болып кетуіне ақылымды айтып, білгенімді үйреттім. Жұмыстан сұранған кездері босаттым. Көмек қажет болса, қолұшын беруге даяр болдым. Солардан алғысты жиі еститін едім. Алған алғысым, отбасымның көз жасы мен жұбайымның қамқорлығы ажал тырнағынан аман қалуыма себепші болды, – дейді кейіпкеріміз.

Жақсылық ағайды баладай күткен Маржан жеңгей үшін отағасының әр сөзі заң іспеттес. Өйткені осы кезге дейін әйел болып қарсы бір сөз айтып көрмеген. Айта кетсек, Маржан Шәріпқызы ғұмырының 35 жылын білім саласына арнап, бейнетінің зейнетін көріп отырған бақытты әже. Гүл баптағанды жақсы көретін ол ауланың ішін гүлбаққа айналдырған. Сондай-ақ екі ұлдан тараған бес немересіне сенбі-жексенбі сайын тәтті тоқаштарын пісіріп күтіп отырады.

Жанұяның жарастығы үшін сенім, түсіністік және сабыр сақтаудың алар орны зор екенін бала-келіндерінің құлағына жиі құйып отыратын ата мен әже – әулеттің байлығы, бала келіндерінің асқар тауы, немерелерінің қамқор-қорғаны.

Жүздерінен мейірім төгілген бақытты отбасының асқар тауларына біз де сүйсініп, баянды ғұмыр тіледік.

Гүлсезім БИЯШЕВА

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз