Көне папирус табылды

Шығысқазақстандық коллекционер және өлкетанушы Валерий Колбин алғаш рет Ертіс даласына жіберілген көне мысырлық қолжазбаны көпшіліктің назарына ұсынды. 

Мысыр тарихына ерекше ден қойған Валерий Колбинның жеке мұрағатында бұдан өзге де ежелгі дәуірден сыр шертетін бірегей дүниелер жетіп артылады. Соның ішінде, көне египет папирусы да бар. Оның бір жағында соғыс пен өлім құдайы саналатын Сет символдарының бірі – тасбақамен әрленген адам бейнеленсе, папирус жапырағының екінші жағында ежелгі мысырлықтардың символына айналған көк түсті қоңыз бейнеленген.

– Көне папирус – бірнеше ғасыр бұрын Ертіс даласына жіберілген құжат парақтарының бірі. Бұл құжатты жуық арада Семейдің тарихи-өлкетану мұражайына өткіземін, - дейді Валерий Колбин.

Сирек құжаттың Семейден табылуын тарихшы Қайрат Смағұлов мысыр аңыздарымен, ламаистік наным-сенім және отандық тарихпен астастырады.
– Осы күнге дейін ежелгі Жібек жолы бойынан будда мәдениетінің бірқатар ескерткіштері табылды. Буддизм діні Орта Азияда біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырдың ортасында тарай бастады. Еліміздің аумағында қалмақтар ғибадатхана мен шіркеу сала бастаған. Мысалы, Өскемен маңындағы Аблайкит шіркеуін айтуға болады, - дейді Қайрат Смағұлов.

Өлкетанушы Валерий Колбин жеті шатырдан құралған будда ғибадатханасының орнына XVIII ғасырдың басында Семей қаласының орын тепкенін айта келе, онда көне құжаттардың архиві сақталғанын жеткізді.

– Бізге жеткен аңызға сүйенсек, XVII ғасырдың алғашқы жартысында буддизм дінін таратушы, қалмақ ғалымы және ағартушысы, Орта Азияның белгілі саяси қайраткері Зая-Пандита ламаистік «Жеті шатыр» шіркеуіне ежелгі мысыр тілінде жазылған құжат жолдайды. Осы еңбектің бір парағы біздің заманымызға дейін сақталып, бүгінде бірегей тарихи құжатқа айналып отыр, - деп түсіндірді өлкетанушы.

Ажар Сағатбекова

"Дидар"
Шыңыс Қазақстан облыстық газеті

 

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз