Оралда «Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен велошеру өткізілді

 Бүгін ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оралда "Bolashak Bike Ride" атты велошеру өткізілді.

null
Аталмыш шараны «Болашақ» қауымдастығы «Нұрбанк» АҚ-ның қолдауымен Алматы, Орал және Шымкент қалаларында ұйымдастырды.

null 

Оралда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен басталған 10 шақырымдық жол «Ақжайық» футбол клубының стадионында мәреге жетті. Оған «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері, қала тұрғындары, спортшылар мен студенттер қатысты.

Орал қаласы әкімінің орынбасары, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі Алтынбек Қайсағалиевтің  атап өткеніндей, велошеру тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен алдағы жылы Алматы қаласында өтетін дүниежүзілік қысқы Универсиадаға арналды. Жалпы, Орал қаласында бұқаралық спортқа да барынша көңіл бөлінуде. Мысалы, соңғы бес жылда шаһар аумағында 45 балалар спорт алаңы салынса, келесі жылы тағы 30-ын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар көп ұзамай пайдалануға берілетін оқушылар мен жастар сарайында Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусіновтің атындағы бокс орталығы ашылатын болады. Велосипед спортын дамыту үшін Шағанның оң жағалауында ұзындығы 2,7 шақырым веложолдың бастапқы бөлігі  биыл іске қосылмақ. Ең басты мақсат осындай шаралар арқылы тұрғындарды спортпен ұдайы шұғылдануға шақырып, салауатты өмір салтын орнықтыру болып табылады.

null 

Стадиондағы салтанатты рәсімде сондай-ақ «Болашақ» қоғамдық қорының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Салтанат Тұманбаева, Лондон мен Рио олимпиадаларына қатысқан ескекші Алексей Дергунов сөз алып, спортты серік етудің маңыздылығына тоқталды. Шара соңында лотерея ойнатылып, ұтқандар бес велосипедті иеленді.

null 

Айта кетейік, биыл «Болашақ» қауымдастығына 15 жыл толды. 

null 

Автор: Елжан Ералы

http://inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз