Оралда Отан қорғаушылар күнін Ұлттық ұлан жауынгерлері атап өтті

Оралдағы 5517-әскери бөлімінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай мерекелік шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ашық есік» күніне Екінші дүниежүзілік және тәжік-ауған соғысының ардагерлері, ішкі істер органдарының қызметкерлері, оқушылар, Орал гарнизоны және «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен 5517-әскери бөлімінің Ұлттық ұлан жауынгерлері қатысты.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, салтанатты шараға қатысушыларды БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құттықтап, Қазақстан Қарулы күштерін құру мен қалыптастыруда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен ұлан-ғайыр жұмыстар атқарылғанын, аға буынның ерлік істерін бүгінгі Отан қорғаушылар абыроймен жалғастырып келе жатқанын жеткізді.

Бұдан кейін қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып жүрген бір топ әскери қызметкерге І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдары мен облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.

«Батыс» өңірлік қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев ел қорғаған ерлердің есімі мәңгі ұмытылмайтынын айтып, ардагерлер мен әскери қызметкерлерге ізгі тілегін білдірді.

Ұлы Отан соғысының ардагері, Мәскеудегі 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысқан доғарыстағы полковник Иван Гапич Отан алдындағы борышын қалтқысыз атқарып жүрген жауынгерлерге табыс тіледі.

Шара барысында меймандар әскери бөлімнің техникалары мен қару-жарақтарын көріп, сарбаздар ботқасынан дәм татты. Әсіресе, оқушылар РПГ-7В граната атқышы, Калашников автоматы мен пулеметі, Драгунов мерген винтовкасы, миномет секілді қару-жарақтарды алғаш рет көріп, тәнті болды. Сондай-ақ 5517-әскери бөлімінің жанынан құрылған «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының қоян-қолтық ұрысын тамашалады. Мұндай клубтар республика бойынша кез келген мектепте 3-11 сынып оқушылары арасында жасақталып, жұмыс жасайды. Оның басты мақсаты - оқушыларды Отан сүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу, ата-бабаның ерлік жолын ұғындыру, психологиялық және дене дайындығы жағынан шыңдау.

Әскери бөлім сарбаздары сап түзеп, салтанатты шеру жасады. Содан кейін дала асханасы жанында майдангерлердің қатысымен әсерлі әңгіме шертіліп, әскери әндер шырқалды. Мерекелік концерт басқа да мәдени-спорттық шараларға ұласты.

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз