Оралда үйлерін топан су басқан жұрт далада қалды

Көктемгі тасқын енді батысқазақстандықтарды әбігерге салуда. Оралда қардың еруі жылдамдап, шеттегі саяжайлардың бірі суға кете бастады, деп хабарлайды КТК телеарнасының тілшісі. Топан судың ортасында қалған үйлер ойпат жерге былтыр ғана тұрғызылыпты. Сол кезде қауіп туралы ескертуді елемегендер енді тілсіз жаумен күні-түні арпалысуға мәжбүр. Ал, тасқын күшейе түсуі мүмкін.

Батыс Қазақстанда ауа-райының күрт жылынып, қардың қарқынды еритінін синоптиктер жуырға ғана ескертті. Айтқандай-ақ, күн кеше ыси бастады. Содан шетте орналасқан «Стеновик» саяжайы түн ішінде тасқынға тап болған. Ал, бүгін еріген су көлемі тіпті көбейіп кетті. Қызыл судың ортасында 6 үй қалған. Өйткені, бұл баспаналар ойпат жерде тұр. Әрі былтыр ғана тұрғызылыпты. Сол кезде аумақтың аса қауіпті екені халыққа ескертілген. Бірақ, үй салуға асыққан жұрт оны мүлдем елемепті.

Талап Ғазизжанов, саяжай тұрғыны:

- Ескерткендері рас. Енді не істейміз? Бұйырған жерден салдық.

Міне, енді тасқынмен арпалысып, әбігерге түсіп жатыр. Әйтеуір, топан су үйлердің ішіне кірмепті. Бірақ, айнала көлге айналған. Қауіп туралы ескертуді пысқырмағандарға шенеуніктер бей-жай қарамады. Олар бүгін техника әкеліп, қар суын соруға кіріскен. Әрі жан-жаққа арықтар қазылуда. Жергілікті атқамінерлер тасқынның себебін де анықтапты.

Медеу Баймурзин, БҚО Зачаган кенті әкімі аппаратының бөлім басшысы:

- Еріген қар суының жиналуына , жердің қатуы 120 сантиметрді құрап отыр. А өткен жылы бұл 80 сантиметр болған еді.

Қазір саяжайда құтқарушылар кезекшілік етуде. Ал, су қанша сорылса да, қауіп сейілді деп айтуға келмейді. Өйткені, ауа-райын болжаушылар ертеңнен бастап күннің тағы да жылына түсетінін мәлімдеді. Сөйтіп, өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдай Ақтөбе,Қостанай облыстарында да қайталанады деген болжам бар.

Автор: ​Нұргүл Нұрланқызы

 

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз