Оралдық жүргізушілер тағы газ таппай көше кезіп кетті

Оралда газ қымбаттады. Көлікке құятын көгілдір отын бұл жақта қазір 54 теңге тұрады. Жүргізушілер бұған да көндіккенімен, қолма-қол ақшаға сатып алатын газ жоқ. Жанармай бекеттерінің қорында бар газды тек талонмен үлестіріп жатыр. Ал шенеуніктер өңірдегі көгілдір отынның тапшылығына қатысты нақты шешім шығара алмай отыр.

Оралдық көлік жүргізушілерінің көгілдір отын таба алмай сабылғанына бір айдан асты. Бұл аймақта тек қолында талоны барлары ғана газдан тарықпайды. Енді сұйық газдың литрін 39 теңгеден 54 теңгеге дейін қымбаттаған. Бұған да жүргізушілер көніп отыр. Бірақ қолма-қол ақшасына сататын ешкім жоқ

Талғат Сүндетқалиев, Орал қаласының тұрғыны:

-Бүгін бермей жатыр. Ақшаға жоқ дейді.

Жанармай бекетіндегілерге жақ ашсаң болды «талон» мен «жоқты» бірге айтады. Ондағылар қазір тек алдын ала шарттасқан мекемелерге ғана қордағы газды құйып жатыр екен. Ал еркін сатылымға көгілдір отынның қашан шығатынын әзірге білмейді. Көлікке құятын көгілдір отын тапшылығын жою үшін энергетика министрлігі газ шығаратын компанияларға тоннасына 11 мыңнан 23 мың теңгеге дейін бағасын көтеруге рұқсат берген еді. Көтерме құнның өсуіне байланысты жанармай бекеттері де қалыспай өз бағаларын ұсынып жатыр. Оралдағы бір компания тіпті бағаны бір жарым есеге қымбаттатуға өтініш білдіріпті.

Клара Әлиева, БҚО табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары:

-«Тәуекел» компаниясы 1,6 есеге газ құнын арттырып, сатуға арыз берді. Бірақ біз 38 пайызға ғана өсіруге рұқсат бердік. 

Батыстағы шенеуніктер әзірге тек бағаға қатысты бас қатырып жатыр екен. Ал газдың тапшылығына байланысты әзірге ешбір себепті айта алмай отыр. Бұған дейін көгілдір отынмен жүретін көліктің көптігін және газ шығаратын зауытқа баратын жолдың жайын айтып қойған еді. 

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз