Сақаудың «ставкасы»

Біреу байлығын, біреу айлығын салатын букмекерлік компаниядағы бір күн хақында

Азан шақырып қойған есімін кім білсін, танитындар оны «сақау» деп атап кеткен. Екі иығына екі кісі мінгендей еңселі жігітті букмекерлік кеңсені жағалайтындардың көбі таниды. Танитын себебі, біріншіден, ол мылқау, екінші бір ерекшелігі, айтқаны дөп келетін «көріпкелдігі» бар. Таныс-тамырдан сұрап білсек, бұл адам кезінде елге танымал хоккейші болатын. Бір емес, бірнеше адамнан осы кісі туралы естіп жүргендіктен, бір күні  оны өз көзімізбен көрмекке букмекерлік кеңсе қайдасың деп іздеп шықтық. Бәлкім біреу білер, біреу білмес алдымен осы букмекерлік кеңсе дегеніміз не, осыны ажыратып алайық. Букмекерлік кеңсе қандай да бір спорт ойынына бәстесіп ақша тігетін орын. Мәселенки, екі елдің футбол командасы өзара сынға түссе, осының қайсысы жеңеді соған ақша қойып ойнайсыз. Сіз жеңеді деген топ ұтса ақшаңыз еселеніп, жолыңыздың болғаны. Ақшаны қанша тіксеңіз де өзіңіз білесіз. 

Біз барғанда бәске көлігін де, қойған азаматтар алдымыздан шықты. Анадайда жұрттан оқшаулау жерде отырған адам назарымызға бірден шалынды. Танысым оны біз көрмекке құмар болған мылқау екендігін айтты. Бәс тіккен қағазын ешбір жанға көрсетпей шайнап, жұтып қояды екен. Бір күні ұмытып кетіп, қоқыс жәшігіне салған бір тілім қағазын бір жігіт жиіркенбей алып, жазғанын арланбай көшіріп алып, қомақты қаржыны қалтасына салғандығын танысым жыр қылып айтты. Бір ғанибеті, бұл адам аптасына бір-ақ рет келеді де, 70-80 мыңды ұтып алып кетеді екен. Тіпті, ұзынқұлақтан естуімізше, бір букмекерлік компания осы кісіге әлі күнге дейін қарыз.   

Осы орайда біз психолог мамандармен жолығып, мәселенің мәнісін сұрап, сөзге тарттық. Психологтардың пайымдауынша, мүмкіндігі шектеулі адамның ішкі түйсігі ерекше дамиды екен. Бәлкім сол, себепті де сақаудың «ставкасы» үнемі ұтатын шығар.         

Айта кетуіміз керек, осындай жерлерде көбіне-көп жігіттер жүреді деген түсінік қалыптасқанымен, бізді таңқалдырғаны арасында қыздар да бар екен. Осы кеңсеге жиі келетін Жәзира есімді қызды сөзге тартқанда, ол былайша өз ойын ортаға салды:  «Букмекерлік кеңсеге келетіндердің көбін құмар ойынға құныққан адамдар деп есептейді. Шын мәнінде олай емес. Себебі, ол жерде білім керек. Алдымен, спорттың тарихын, әрбір спортшының шамасын, яғни, кімнің қалай ойнайтынын жіті білген абзал. Өз басым болашақ спорт маманымын. Сол себепті де сабақтан қолым қалт еткенде осында келемін. Ұтылған да, ұтқан да кезім көп. Көбінесе ұтамын».

Ал, өзін Еламан Шынғожа деп таныстырған жігіт бар табысын талай рет осында қалдырғандығын ағынан жарылып әңгімелеп берді. «Әке-шешем ауылда екі сиырды сатып, мені оқуға түс деп қалаға жіберді. Алғашында досым екеуіміз барып көрейік деп ойын клубына келгенбіз. Бірінші күні 80 мың ұттым. Ондай ақшаны ауылда қолыма ұстап көрмеген мен үшін бұл үлкен ырыздық еді. «Ашыққаннан құныққан жаман», – демекші, оңай ақшаға қалай құнығып алғандығымды байқамай қалдым. Ұтқан ақшамды екі еселеймін деп бар ақшамнан айрылдым. Оқуға түсе алмадым. Арба сүйреп жүрмін. Елге барар бет жоқ, – дейді Еламан қапаланып.

Байқасаңыз, букмекерлік компаниялардың кеңсесін оқу орындары орналасқан ғимараттардың жанынан ашады. Мұның да астарында мән жатыр. Студент жастардың дені сол жерден табылатындығы да осыдан болар. Тіпті, Көкшетаудағы қазақ кітапханасының жанында дәл осындай кеңсе бар. Қарап отырсаңыз, жастар кітапханаға емес, сол компьютерлік ойындар клубына лек-легімен келіп жатқанын байқайсыз.  «Баласы атқа қонса, анасы үйде отырып тақымын қысар» қазақтың баласымыз ғой. Осындайда бауыр етім деп емешегі үзіліп отыратын балажан қазақтың баласы ата-анасының үкілеген үмітін ертеңгі күні ақтар ма екен, кім білсін... 

...Оны көптен бері сыртынан бақылап жүргенбіз. Бәлкім, ол да осыны сезген болар. Кеше кешкісін бізді ту сыртымыздан көре сала жын ұрғандай делебесі қозып тұра жөнелген. Оңбай ұтылыпты. «Сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген осы-ау шамасы.

Үлмекен ШАМЕНОВА.
"Арқа ажары" газеті 

 

 

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз