Шалқыма ҚҰРМАНАЛИНА: «Әжем мені «Бір өзі он ұлға татитын қыз» деп еркелететін»

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Хайроллақызы Құрманалина педагогикалық еңбек жолын лаборанттық қызметтен бастап, оқытушы, директордың орынбасары, колледж директорына дейін көтерілген. Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж ұжымын білікті маман дайындауда  нәтижеге бағытталған білім мен тәрбиелеу жолдарын жоғары деңгейде  ұйымдастырған, республика көлеміне танымал ғалым-әдіскер, қоғам қайраткері.

Шалқыма Хайроллақызының бастамасымен колледжде ғылыми-эксперименттік жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде бастауыш сыныпқа арналған алғашқы қазақстандық математика оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері жасақталып, жаңа мамандықтар ашылды.

— Шалқыма апай, бәрі де балалық  шақтан басталады ғой.  Өзіңіздің туған ауылыңыз, өскен ұяңыз туралы айтып өтсеңіз…

— Мен Ақтөбе облысына қарасты Октябрь ауданының Жұрын ауылында өмірге келдім. Кішкентай кезімнен ата-әжемнің қызы болып өстім. Атам Нұртай Құрманәлин мешіт ұстаған молда, әрі сол кездегі ауқатты, бай  адам болыпты. 1937 жылы атамды бай деп ұстап алып кеткен. Кейіннен ақталып шықты. Ол кісінің артында әжеммен бірге  Хайролла деген ұлы мен Шалқия деген қызы қалған. Мен сол атамның жалғыз тұяғы Хайролланың үлкен қызымын.  Жанұяда төрт қыз, үш ұл өстік. Әжем Ажар «майор кемпір» атанған ақылды, қайратты адам болды. Ауылдағы ұрыс-керіс, дау-дамайларды шешіп, бүгінгінің әкімдері сықылды, ылғи ел ортасында жүретін. Ауылдың адамдары әжемізді төбесіне көтеріп, сыйлайтын еді. Осы күнгі «қайырымдылық акциясы» дегенді мен ең алғаш әжемнен көрген екенмін. Ауыл адамдарының мұң-мұқтажын, жоғын түгелдеп, бәріне көмектескенше тыным таппайтын. Содан да болар, дүйім ауылдың адамдары иіліп сәлем беретін.  «Нұртайдың көзі» деп, әкеме де ерекше қарайтын.  Бір  отбасының, бір  әулеттің емес, бүтіндей бір ауылдың анасына айналған әжем мені еркелетіп өсірді. Менің шешем төрт қызды дүниеге әкелді. Қазақта қызды көп жарата бермейді ғой. Ал әжем мені «Бір өзі он ұлға татитын қыз» деп еркелететін. Өзім әже болсам да, әжемнің кей сөздері әлі күнге дейін құлағыма келеді.  Ол кісі мені «Сен кереметсің, сен ақылдысың, сенің қолыңнан бәрі келеді» деп жігерлендіріп өсірді. Негізі үлде мен бүлдеге орап, дегенін жасап өсірген балалар ерке болып өседі ғой. Мен керісінше, ынжық, бір орыннан қозғалмайтын, үндемейтін, тұйық бала болыппын.

— Балалық  шағыңызды еске алсаңыз, көз алдыңызға қандай көрініс келеді? Бүгіндері биік белестерді бағындырған бала Шалқыма қандай еді?

— Бала болып ойнап көрмеппін. Ылғи жерге жатып, ақ қағазды шимайлап жаза беретінмін.  Әкем теміржолда қызмет жасайтын.  Үйге көп газет алып келетін. Сол газеттің алғашқы бетіндегі «Правда», «Гудок» деген сөздерді ақ қағазға өзім жазып үйрендім. Сонда өзімнің не жазып жатқанымды да білмеймін. Әріптерді үйреніп жүрген түрім ғой. Әжем мені «Осы қызым оқымысты болады» дейтін.   Тағы бір есімнен кетпейтіні, мектепке барғым келуші еді.  Мен үшін мектепке баратын балалар бір ғажап ертегі әлеміне барып жүргендей көрінетін. Содан жылап қоймағасын, әжем мені бес жасқа толар-толмастан мектепке алып келді. Сол жылы қабылдамай қойды. Еңіреп жылап, үйге қайттым.  Алақандай ауылдағы шағын мектепке келесі жылы бүкіл  әріптерді танып, 100-ге дейін санауды біліп, әжеммен тағы бардым. Алғашқы мұғалімім Мұхамбетжан ағай  маған сұрақтар қойды, мен тақылдап жауап бердім. Әрі сол жылы бірінші сыныпқа келетін ешкім жоқ. Бары екі-ақ оқушымыз. Оның бірі — ауылдағы бір апамыздың жыл сайын мектепке бармаймын деп жылайтын сегіз жасар қызы.  Ол «оқымаймын» деп жылайды,  ал мен  «оқимын» деп еңіреп тұрмын. Осы бір сәт ұмытылмастай көз алдымда, жадымда жатталып қалыпты. Бірінші сыныпта екі оқушы, шағын жинақталған мектепте барлығы 12 оқушы болдық. Кейіннен шағын мектептің проблемасы туралы көп зерттедім.

— Мұғалім болсам деген арман қай кезде пайда болды?  Осы мамандыққа деген қызығушылық қалай басталды?

— Ауылдағы бастауыш мектепті бітірген соң, мен әкемнің апасы Шалқияның қолында оқыдым. Ол кісі қазақ тілі мен  әдебиетінен, оның жұбайы физикадан сабақ беретін. Әжем де менің жанымда болды. Бұл үйдегі аура бөлек еді. Үй толған кітап. Мен шетінен алып, кітап оқи беретінмін. Олар менің екінші әке-шешемдей болып кетті. Шалқия апамның өз баласы болмағасын, мен сол үйдің қызы болып есептелдім. Апам үйге толтырып 9-10 сыныптың мазмұндама  дәптерлерін  әкеліп, түнімен тексереді. Мен қызығамын. Дәптер тексергім келеді. Өзі жоқта жайлап тексеріп, іштей қателерін шығарып қоямын. Бір күні апама  дәптер тексергім келетінін айттым. Ол алғашында тексерткісі келмеді. Сосын «қателерін шығарып бере ғой» деп рұқсат берді. Кейіннен менің сауатты тексеретінімді білген соң, апам маған осы жұмысты сеніп тапсыратын болды. Мұғалім болсам деген арман осы кезден басталды. Сондай-ақ апам бізді жұмсап өсірді. Бірақ мен жұмсауды күтпей-ақ, үй тірлігін өзім жасай беретінмін. От жағып, су тасып, үлкен кілемдерді мықшыңдап сыртқа шығарып, қағып-сілкіп, керім шаруа жасайтынмын. Өзім кіп-кішкентай болып сол кілемдерді қалай көтердім екен деп қазір ойлап қоямын…

— Шалқыма апай, сіздің жұбайыңыз Жетібай Жолдасұлы — өңірімізге белгілі азамат. Ағаймен қалай таныстыңыз?

-11-сыныпты мен Ақтөбедегі дарынды балалар мектеп-интернатына оқитын болдым. Апамның жұбайы «Өз-өзіңді дәлелде» деп маған сол мектеп-интернатқа оқуға кеңес берді. Мен сабағыма өте тыңғылықты дайындалатын едім. Сабаққа әзірлік кезінде сынып жабылғанша отыра беремін. Әзірлік біткесін, бес-алты кітабымды құшақтап, интернатқа кетемін. Жетібай ағаң осы мектеп-интернаттың түлегі екен. Мені сол кезде сырттай көріп жүріпті. Мектеп бітірген соң екінші әке-шешемнің қалауымен Қ. Сәтбаев атындағы политехникалық институттың  автоматика-телемеханика факультетіне оқуға түстім. Ол кезде 7 қараша мереке ретінде тойланып жүрді. Сол мерекеге орай ақтөбелік студенттер бір үйді жалдап, бас қостық. Құрбыларыммен дастарқан жасап, жүгіріп жүрдік. Олардың арасында сыныптастарым да болды. Кілең ақ көйлек киген жігіттер келді. Сол кездегі жастардың арасында бір тазалық бар еді. Сондай басқосуларды біз ән шырқап, керемет әсерлі, көңілді өткізетінбіз. Мен ылғи әр түрлі орталарда  ән айтып үйреніп қалғанмын. Жиналғандардың ән айтып жатқанын естіп, жүгіріп, шеттегі ақ көйлек киген сыныптасымның  иығынан ұстап, әнге қосыла кеттім ғой. Ән аяқтала бере маған жалт қарағанда, шошып кеттім. Басқа жігіт. Ұялғаным соншалық, тұрып, кетіп қалдым. Кейіннен жаттығу залына келіп-кетіп жүргенде, біздің бөлмеге жиі келгіштеп жүрді. Сөйтсем, ол маған келіп жүр екен ғой. Жұбайыммен таныстығымыз осылай басталды.

— Қандай келін болдыңыз? Сіз босағасын аттаған әулет туралы айтып берсеңіз?

— Мен Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Жарқамыс ауылына, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған жерге келін болып түстім. Алғаш келін болып түскен жылдары басымызға орамалымызды салып, жез самаурынмен отыз-қырық кесеге шай құйып жүрдік. Ауыл адамдары жүріс-тұрысымызға, іс-қимылымызға сын көзбен қарайтын. Осындай қазақы жердің сынынан өтуіме маған әжемнің берген тәлім-тәрбиесі көмектесті. Ауылда үлкендердің қолында тұрған жоқпыз. Бірақ он күнге ауылға барғанда өзімнің келіндік міндетімді  мінсіз атқаруға тырысатынмын. Бір аулада ағалы-інілі екі отбасы тұратын. Кейіннен біз сол екі үйдің балаларының бәрінің өмірден өз орнын табуына көмектестік.  Қазір үлкен қайын ағамыз бар, өзіміз де екі әулеттің үлкені болып қалдық.

— Сіз ғалымсыз, біраз жыл қалалық мәслихаттың депутаты болдыңыз, іргелі білім ордасының басшысысыз. Оған қоса бір шаңырақты шаттыққа бөлеп отырған анасыз, әжесіз. Жалпы, қазір ажырасудың көбеюіне не себеп? Ұяны бұзбау, шаңырақты шайқалтпау үшін жастарға не айтасыз? 

— Әйелдің қолында үлкен құдірет бар. Аталарымыз  «Ер адам — бас, әйел — мойын» деп бекер айтпаған.  Мойын қайда бұрылса, бас сонда жүреді. Сондықтан отбасындағы жарасым, ырыс-несібе, береке-бірлік – бәрі әйелдің қолында. Ер адамның тапқан табысын келістіріп, пайдалы жұмсау, жанұядағы  сыйластық пен шуақты сақтай білу — бәрі  әйелге байланысты. Әйелдердің тыныс-тіршілігі туралы көп мақала жаздым. Осы бағытта әжемнің атымен «Ажар» қоғамдық бірлестігін аштым.  Ақылды әйел ұяның бұзылуына жол бермеуге тырысады. Отбасында әкенің беделін биік ұстап, абыройын жоғары көтеру әйелдің қолында. Ол ең алдымен «Әкеңе айтамын, әкеңмен ақылдас, әкеңнің рұқсатынсыз ештеңе айта алмаймын» деген сөздерді балаға жиі айтудан басталады. Келеңсіз жағдайлар екі жастың тіл табыса алмауынан болады. Біздің шаңырақ құрғанымызға биыл 51 жыл. Өткен жылы алтын тойымызды өткіздік. Менің ойымша, отау құрған жастардың арасында  ең бірінші сезім, махаббат болуы керек. Сонда ғана олар бір-біріне ынтызарлықпен қарап, ұяны бұзбай, сақтай алады.

— Отбасында қыздарыңызға қатал болдыңыз ба? Сіздің лауазымдық қызметтерді абыроймен атқарып жүргеніңіз ел-жұрттың  көз алдында. Ал үйде қандайсыз?

— Отбасында менен гөрі жұбайым балаларға  қатаң  болды. Алланың берген төрт қызын өсірдік. Олардың бәрі де өздерінің таңдаған саласы бойынша ғылым кандидаттары атанды. Кенже қызым әлі отбасын құра қойған жоқ. Үшеуінен алты немерем бар. Менің бүгіндері өз арман-мақсатыма жетуіме отбасымның да қосқан үлесі зор. Егер жанұямда сүттей ұйыған береке-бірлік болмаса, онда менің де ісім алға баспас еді. Осы жолда маған отағасы мен қыздарым көп қолдау танытты. Үйде жайлылық пен жылылықты, айналамды жарқыратып қойғанды жақсы көретін әйелмін. Ең алғаш біз екі бөлмелі кішкентай үйде тұрдық. Сонда жыл сайын терезенің пердесі мен төсенішімді, төсекжаппамды бірдей етіп ауыстыратынмын. Соның өзінде  ұядай үй, одан әрі жайнап,  құлпырып кететін. Өзім жүрген жерімді жарқыратып жүргім келеді. Гүлді өте жақсы көремін. Қазіргі үйімде гүлдер, аулада жеміс ағаштары өте көп. Әйел адам барынша жан-жағын жайнатып жүруге ұмтылуы керек.

— Әңгіме басында екінші әке-шешеңіздің қалауымен инженерлік мамандықты таңдағаныңызды айттыңыз. Мұғалім болам деген мақсатыңызға қалай жеттіңіз? Танымал тұлға ретінде сізден көмек сұрап келетін адамдар да аз емес шығар…

— Үшінші курста жүргенімде жұбайымды жолдамамен Орал қаласына жіберді. Менің мамандығыма үйлесетін сол кездегі Орал пединститутында инженер-педагог деген факультет бар екен. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып,  құжаттарымды сол факультетке тапсырып, оқып шықтым. Менің арманыма жетудің жолдары осылай басталды. Осы колледжде 1970 жылдан бері қызмет етемін. Біздің колледж ұжымы білікті мамандар дайындау жолында бір атаның баласындай ұйымшылдықпен еңбек етіп келеді. Біздің ұжымдағы педагогтардың жартысына жуығы оқулық жазған авторлар. Олар шығарған оқулықты республикамыздағы өзге  колледждер пайдаланады. Мен басшы ретінде, ғалым ретінде өзімді бірінші орынға қоймай, ұжымымды алға сүйреуге күш салып келемін. Ұжымымдағы ұстаздардың әрқайсысын оқулық, бағдарлама, стандарт жаза білуге үйреттім. Жұмыста қатаң басшымын. Ұжымыма қатал талап қоямын және сол қойылған талапты ең бірінші өзім орындап, үлгі болуға тырысамын. Қалалық мәслихаттың депутаты болған кезімде менің алдыма көмек сұрап келетін адам өте көп болды. Көбі үй сұрап келетін. Бұл мәселеге қатысты ақыл-кеңесімді айтып, бағыт-бағдар беретінмін. Кейбірі жұмыс сұрап келеді. Кейде осы студенттерімнің ата-аналары жағдай айтып келеді. Мұндай жағдайда қиналып келген адамдардың кейбіреуін өзіме кіші қызметкер қылып жұмысқа алып, көмектестім. Енді біріне моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп, апалық, аналық ақылымды айтамын. Өмір болған соң әр түрлі жағдайлар болады  ғой. Мен алдыма келген адамға бар білгенімді айтудан, қолымнан келгенше көмектесуден жалыққан емеспін.

— Республика көлеміне танымал ғалым-әдіскер, қоғам қайраткерісіз. Сіздің жасап жүрген жарқын істеріңізді жалғастыратын әріптестеріңізге не айтасыз?

— Мен өз мамандығымды, жұмысымды шексіз жақсы көремін. Жалпы, өзім «Зейнетке шықсам болды, бір күн тұрмас едім» дейтін замандастарымды түсінбеймін. Жұмысын жақсы көретін адам бұл сөзді айтпауы тиіс. Менде идея өте көп. Сол идеяларды жүзеге асырамын деп жүргенімде жетпіске қалай келгенімді байқамай қалыппын. Алла денсаулық берсе, мен өзімнен кейінгі осы жерге келген адамға қолымнан келгенше көмектесемін. Жапондықтар зейнетке кетерде өзінің соңына мұра қалдырып кетеді екен. Сондықтан мен де өзімнің өмір бойғы ізденісім мен жүзеге асырған жарқын істерімді колледж ұжымына мұраға қалдырып кетемін. Біздің мұрамыз — байлық емес, ғылым мен білім. Бұл мұраның құны материалдық байлықтан жоғары. Оны менің әріптестерімнің әрі қарай абыроймен жалғастыратынына сенемін.

Сұхбаттасқан Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз