Шымкентте жалғызбасты көпбалалы ана мектепке қажетті заттарды ала алмай отыр

Шымкенттік жалғызбасты көпбалалы ана биыл мемлекеттен мектеп алды дайындық үшін берілетін көмектен қағылғанын айтады.

 
Шымкентте жалғызбасты көпбалалы ана мектепке қажетті заттарды ала алмай отыр

36 жастағы Гүлбахира Бектұрова – алты баланың анасы. Үлкені – студент, сүт кенжесі – 4 жаста. Бір қыз, екі ұлы – мектеп оқушысы. Әлеуметтік жағдайы нашар, асыраушысынан айырылған балалар жоқшылықтан биыл да мектепке қажетті заттарды ала алмай отыр.

Гүлбахира мемлекеттен асыраушысынан айырылғаны және күміс алқа иегері болғаны үшін айына 56 мың теңге көмек алады. Оның 40 мыңына пәтер жалдайды, 5-6 мыңын коммуналдық төлемдерге жұмсайды. Қалған 10 мың теңгені бір айға жеткізу әсте мүмкін болмағасын, базарға шығады.

Шымкентте жалғызбасты көпбалалы ана мектепке қажетті заттарды ала алмай отыр

Гүлбахира Бектұрованың бесінші баласы Нұрислам. 13 тамыз 2016 жыл

"Күніне бір-екі шелек көже дайындап, базарға сатамын. Одан кейде күніне мың теңге шамасында пайда табамыз. Тапқан тиын-тебенімізге нан, бір күнге жететін картоп, пиязымызды сатып алып, тамақ етеміз", - дейді Гүлбахира Бектұрова өз тіршілігін баяндап.

Көпқабатты тұрғын үйдегі екі бөлмелі пәтердің үлкен бөлмесінің төрінде тұрған ескі теледидар, бес-алты көрпе жиналған жалғыз төсек, жерге төселген төсеніш пен шағын үстел, төсеніші жоқ екінші бөлме бұрышындағы киімдер салынған 4-5 түйіншек Гүлбахираның жұпыны тіршілігінен хабар беріп тұр. Пәтерақыны қымбатсынатын әйелдің ендігі ойы күн жылыда арзан пәтер тауып, көшіп алу.

"2007 жылы бірінші күйеуім жол-көлік апатына түсіп, қайтыс болды. Төрт баламен жесір қалдым. Күйеуімнің туғандары дүние-мүлікке таласып, бала-шағаммен үйден қуып шықты. Екінші күйеуімнен екі ұлым бар. Ол да тұрмыстың қиыншылығына шыдай алмай тастап кетті. Алты баламен қалада пәтер жалдап тұрмаған жерім қалмады", - дейді Гүлбахира Бектұрова.

Жұпыны үйдің балалары жаңа киімнің не екенін білмей өсіп келе жатыр. Шешелері оларға көбіне көрші-қолаң мен тамыр-таныстың балаларының ескі киім-кешектерін жуып, жыртықтарын жамап кигізіп отырғанын айтып қамығады.

Шымкентте жалғызбасты көпбалалы ана мектепке қажетті заттарды ала алмай отыр

Гүлбахира Бектұрованың төртінші баласы Пернехан ескі костюмін киіп көріп тұр. 13 тамыз 2016 жыл

"Биыл қайтсек екен деп отырғанда, демеуші шығып, үлкен ұлым Әділханға костюм-шалбар сатып алып берді. Мектепке барғалы жаңа киім кимеген баламның қуанышын көрсеңіз ғой", - деді Гүлбахира.

Тығырыққа тіреліп отырған ана Азаттық тілшісімен 11, 8, 4-сыныпқа баратын үш баласының мектепке қажетті деген заттарын түгендеп шықты. Түйіншекке түйілген киім-кешектің ішінен биыл 11-сыныпқа баратын Ханбибінің «6-сыныпқа барған кезде сатып алған юбкасы» шықты.

«Осы юбкамен екі жыл бұрын алған мына ақ жейдені биыл да киеді деп отырмыз» дейді Гүлбахира Бектұрова. 4-сыныпта оқитын Пернехан былтыр киген костюм-шалбарын киіп көрсетті. Тар болып қалған киімді көріп анасы бетін шымшыды.

"Балалардың оқу құралдарын есептеп шықтым. Бәрі қымбат. Саудагерлер биылғы қымбатшылықты доллар бағамының өсіп кеткенінен көреді. Бір қаламның өзі – 50 теңге. Үш баланың дәптер-қаламын есептесек, 20 мың теңге шамасында ақша қажет екен. Киімді айтпай-ақ қояйын. Екі баламның көйлегі жоқ. Көйлектің бағасы 2500 теңгеден басталады екен. Қыздардікі одан да қымбат. Бір киетін киімді толық алсақ, 50-60 мың теңге қажет. Алда қара күз, қыс бар. Ол кезде қайтеміз, білмейміз", - дейді шарасыз ана.

Шымкентте жалғызбасты көпбалалы ана мектепке қажетті заттарды ала алмай отыр

Жалғызілікті ана Гүлбахира Бектұрованың ұлдары. Шымкент, 13 тамыз 2016 жыл

Гүлбахира Бектұрова биыл мектепалды дайындық кезінде мемлекеттен берілетін көмекті де ала алмайтын болғанын естіген. Былтыр оның отбасына қалалық білім бөлімі 10 мың теңге көмек берген.

"Бірақ биыл "1 тамызға дейін тізімді беріп қойдық" деп бізге көмек берілмейтінін айтты. Бұл көмектен де қағылдық", - дейді ол.

Шымкенттегі №41 мектептің әлеуметтік педагогы Элвира Асилованың Азаттыққа айтуынша, аз қамтылған отбасылар өз статусын дәлелдейтін құжаттарды мектепке тапсырады. Тапсырылған құжаттар негізінде тіркеу жасалады. Жалпыға міндетті білім қоры арқылы мемлекет балаларға тегін ыстық тамақ пен демалыс орнына бір реттік жолдама береді.

"Қордан "Мектепке жол" акциясына да қаражат қарастырылған. Биыл әр балаға 12 мың теңгеден бөлінді. Биыл мектебімізде аз қамтылған отбасыдан шыққан 43 бала болса, олардың 15-сіне 12 мың теңгеден көмек беріліп жатыр", - дейді әлеуметтік педагог.

Шымкентте жалғызбасты көпбалалы ана мектепке қажетті заттарды ала алмай отыр

Гүлбахира Бектұрова жаңа оқу жылы қарсаңында балаларының киімін түгендеп тұр. Шымкент, 13 тамыз 2016 жыл

Бірақ мұндай көмек аз қамтылған көпбалалы отбасынан шыққан барлық балаға емес, олардың тек біреуіне берілетін болып шықты.

"Экономикалық дағдарыстың алдында аз қамтылған отбасынан шыққан 50-60 балаға демеушілер көмектесетін. Дағдарыстың кесірінен демеушілер де азайды. Мысалы, биыл бүгінгі күнге дейін (тамыздың 16-сына дейін – ред.) демеушілер тарапынан бес балаға көмек көрсетілді. Қыркүйекке дейін тағы демеушілер келеді деп отырмыз. Аз қамтылған отбасылардан шыққан бірде-бір бала, мысалы аяқ киімі болмай сабаққа келе алмады деген сөз болған емес", - дейді Элвира Асилова.

Гүлбахира Бектұрова балаларының жоқшылыққа еттері әбден үйренгенін, киім мен ас-суды талғамайтындарын, жолақы таппай қалған күндері 7-8 шақырым жердегі мектепке жаяу баратындарын айтады.

"Қанша қиыншылық көрсе де балаларым сабақтарын жақсы оқып, мектепте үздік оқушылардың қатарынан көрініп жүр. Үлкен қызым Астанадағы Назарбаев университетінің грантын жеңіп алып, оқып жатыр. Екінші қызым «Алтын белгіге» үміткер. Ұлдарым спортқа жақын", - дейді жалғызбасты ана.

Шымкентте жалғызбасты көпбалалы ана мектепке қажетті заттарды ала алмай отыр

Көпбалалы ана Гүлбахира Бектұрова. Шымкент, 13 тамыз 2016 жыл

Шымкент қалалық білім бөлімінің Азаттыққа хабарлауынша, қалада көпбалалы отбасылардан шыққан 17 мың 807 бала бар. Оның ішінде әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардан шыққан 8 мың 32 балаға мектепте ыстық тамақ беріледі.

Қаладағы аз қамтамасыз етілген 29 мың 644 балаға мектепалды дайындыққа көмек көрсетілсе, олардың бес мыңының есепшотына жалпыға міндетті білім қорынан 12 мың теңге аударылған.

nur.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз