Теледидар тәрбиесіндегі баламен тілдессек…

Құлдыраңдап шауып жүрген бала жүгірген бойы қабырғаға екпіндеп барып, жабысып қалды. Одан соң жүрелеп отырды да, екі қолын сермеп әлдебір түсініксіз әрекет жасады. Ортан терек пен шылдыр шүмекті бүгіп, қалған саусағын тарам-тарам етіп, өзімен-өзі бірдеңені «атқылап» жүр. Ескі диванға секіріп шығады да, қанатын жайған құс секілді қатып қалады. Көздері жылт-жылт етеді. Айналаны барлай қарайды. Со бойында сықырлауық еденге секіріп түседі. Әйтеуір осы балаға қазір тыным жоқ. Бірақ әрекетінің бәрі ерсі. Мұндайда атасы «әй, сен не істеп жүрсің?» дер еді. «Ата, мен «Шелабек паукпын» дейді ол. Дауысында зор мақтаныш пен мерей бар. Онысын өзіне үлкен құрмет санайтынын байқайсың.

Үйінде тентегі бар әрбір шаңырақ осындай жағдайға куә шығар-ау. Қазіргінің балалары Американың «Өрмекші адамын» «пір» санайды. «Халкты» құшақтап ұйықтайды. «Бэтменді» бауырындай көреді. «Спанч бобтың» қызығына тоймайды. «Патриктің» алаңғасарлығына қол соғады. «Құтқарушы командадағы» иттердің әрекетіне сүйсінеді. Әрі-беріден соң Машаның аюды қалай ығыр ететіні де қызық олар үшін. Байқап қарасаңыз, біз балаларымыздың тәрбиесін теледидарға тапсырып қойыппыз. Күнделікті өмірде бауыр еті балаңызбен бетпе-бет отырып, онымен әртүрлі тақырыпта әңгімелесіп, ертегі оқып беріп, балабақшадағы, мек­тептегі қызықты жағдайларын сұрап, басынан сипап, мақтап қоясыз ба? Азаннан қара кешке дейін жұмыста жүріп, сол балаларды жеткізудің қамымен 24 сағаттың өзі жеткіліксіз боп қалатын қарбаластың арасында өмір кешіп жатқан адамның ондайға, сірә, уақыты жоқ шығар. Қара жұмысқа байланбай-ақ, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың өзі баласы ұйқыдан тұрмай жұмысқа кетіп, перзенті ұйықтап қалғанда үйіне оралады. Сосын баласына қашан көңіл бөлмек? Уақыт деген шыр айналып уыста тұрмайды. Ал балаңыз тәрбиені теледидардан алып жатыр. Ондағы дүниенің барлығы демей-ақ қояйық, басым бөлігі шет елдің өнімі. Сонда біз қазақы тамырынан ажыраған, тәлім-тәрбиесін алмаған, өзгенің үлгісінде өнеге көрген ұрпақ тәрбиелеп жатқанымыз ба? Бір сәтке қарбалас тіршілікті серпіп тастап, осыны ойланыңызшы.

Енді солай екен деп ауызды қу шөппен сүртіп отыра беруге бола ма? Біз де елміз, жұртпыз, көкірегінде жаны бар адамбыз, әрекет ету керек шығар. Баланы шетелдік шығармалардың шырмауынан шығарып алудың бір ғана жолы бар. Ол өзіміздің өнімді өндіру. Басқа амал көріп тұрғанымыз жоқ. Сондықтан ежелгі ертегілерден бастап аңыз-әфсаналарды, батырлар жырын, үлкен оқиғаларды мульт­фильмге айналдыру қажет. Тіпті бар ғой, соларды бүгінгі заманға ыңғайласа да артықтық етпейді. Жаны мұрнының ұшына келіп қиналған, қатыгездікке тап болған адамды «Өрмекші адам» емес Ертөстік құтқарып жатса айып па, мысалы? Өгей шешесі адам көрмейтін жерге, биік қамалдың құзына қамап қойған Рапунцельдің орнына «Күн астындағы Күнекей қызды» шығарсақ болмай ма? Патшаның қызын айдаһардың аузынан арашалап алуға Шрэк емес, «Керқұла атты Кендебай» барса қайтеді?

Әрине, мұның бәрі айтуға оңай екенін білеміз. Десек те, ұрпақ болашағы үшін, Мәңгілік Елді мұрасындай сақ­тайтын азаматтарды тәрбиелеу үшін осындай қадамға бару керек. Ол үшін ерік-жігер мен ниет қажет. Ниет демекші, тақырыбымызға тұздық болсын. Жақында журналист Гүлжазира Берікқызы ертегілер кітабын шығарды. Мұндай қадамға неліктен барды? Қазақта ертегі жоқ па? Бар, әрине. Сол бар ертегіні қазіргі балалардың миы жөнді қабылдамайды. Қос қызына талай ертегі оқыған екен, жалығып кететін көрінеді. Сосын қыздарының талғамына сәйкес ойдан ертегілерді құрастыра бастаған. Қыздары кірпік қақпай тыңдайды дейді. Содан «неге осы заманның ертегілерін жазбасқа» деген шешімге тоқтайды. Нәтижесінде «Гүлжазираның ертегілері» деген тұтас бір кітап өмірге келді. Оқылуы оңай, қабылдануы қиын емес ертегілердің балаларға беретін тәрбиесі де зор. Әрі-беріден соң интернетте көп отырмай, далаға шығып ойнағанның пайдасы туралы, тіпті тіс жуудың қажеттілігі жайында да ертегісі бар. Бүгінде біздің үйдегі ұл мен қыз осы ертегіні оқып бермей ұйықтамайды. Қазақстанның әр түкпірінде ондай балалар жетеді. Оны кітаптың тез таралып жатқанынан байқауға болады. Сондықтан киностудиялар мен арналар балалардың тағдырына араша түсіп, қазақы таным мен түсінікке сай келетін заманауи дүниелерді бүгіннен бастап қолға алуы қажет.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан»

 ҚЫЗЫЛОРДА

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз