Түркияны енді ешкім тоқтата алмайды

«Түркия Ирак пен Сириядағы лаңкестердің ең соңғысы қалғанша, тоқтамайды, күресті жалғастыра береді». Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Әділеттілік және даму партиясы өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде осылай деп мәлімдеді.

Позициясы нық, әрқашан өз сөзінде тұратын түрік президенті алдағы уақытта аталған екі елде әскери операция тағы да жалғасатынын жария етті.

–Бізге ешкім кедергі жасай алмайды. Сирияның солтүстігіндегі Айн-әл-Араб пен солтүстіктегі Хасеке және Ирактың Синджар мен Кандил территориясында ең соңғы лаңкес қалғанша  соғысты тоқтата алмаймыз. Біз осы уақытқа дейін «Евфрат қалқаны» және «Зәйтүн бұтағы» операциясын жүргіздік, енді тағы да жаңадан  әскери операцияны бастауды көздеп отырмыз, – деп мәлімдеді президент Редхеп Тайып Ердоған.

Ердоғанның айтып отырған «Зәйтүн бұтағы» әскери операциясы үстіміздегі жылдың 20 қаңтарында басталғаны белгілі. Аталған әскери шабуыл Анкара лаңкестер деп танып отырған күрд жауынгерлеріне қарсы бағытталғаны ақиқат. Енді міне тағы әскери шабуыл жасауды жоспарлап отырған Түркия күрд жауынгерлеріне күйрете соққы бермек.

Қазіргі таңда Сирия мен Ирак мәселесі Анкара үшін бірінші орында тұрғаны белгілі. Сонымен қатар, ЕуроОдаққа өту де Түркия үшін маңызды. Ол кеше өз жақтастарының алдында сөйлеген сөзінде Түркия Еуропалық Одаққа өту идеясынан ешуақытта бас тартпайтынын мәлім етті.

–Біз қазір аймақтағы ең мықты держава екенін мәлімдегім келеді. Алдағы уақытта біз әлемдегі ең мықты ойыншылардың біріне айналамыз. Бұл мақсатқа біз жаңа президенттік жүйе арқылы ғана жетеміз. Ол үшін бізге ең алдымен елдің бірлігі қымбат, –деді  президент Ердоған.

Ескерте кететін бір жайт, Түркия 1999 жылы ресми түрде ЕуроОдаққа енетін   басты кандидаттың бірінен саналғаны белгілі. Алайда Түркияны аталған мемлекеттер ұйымына тарту  жұмысы 2005 жылдан кейін ғана басталды. Дегенмен, «2016 жылы Түркияда басталған мемлекеттік төңкеріске байланысты адам құқы бұзылды», деп «қарт құрлықтағы» мемлекеттің  өкілдері түріктерді аталған ұйымнан шеттеткені  рас.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
"Айқын" газеті

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз