Ұлттық қолөнерді паш еткен көрме

Астана  күніне  орай  А. Островский  атындағы  театр  алаңында Батыс Қазақстан облысы  қолөнер  шеберлерінің  көрмесі  өтті.

Көрмеге «Шаңырақ» әлеуметтік кәсіпорны, «Ұлттық өнер», «Нәзік», «Інжу», «Салықов», «Молдашева» ЖК секілді қолөнермен айналысатын елуге жуық жергілікті шеберлер мекемесі қатысты. Өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл көрмені жергілікті тұрғындармен бірге облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов бастаған жергілікті атқарушы билік өкілдері де тамашалады.

– Бұл шара «Азаматтық альянс» ҮЕҰ аймақтық бөлімшесінің бастамасымен, қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсаты – ұлттық  өнерімізді насихаттап, өңіріміздің алтын қолды адамдарын көпшілікке таныту. Көрмеде негізінен ұлттық нақыштағы туындылар қойылған. Осындай дүниелер арқылы қалалық тұрғындардың үлкен-кішісі ұлттық өнерімізге қатысты таным көкжиегін кеңейтеді. Астана күніне орайластырылған бұл шарада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Жолдауында айтылға-нындай, ұлттық кодымызды сақтау және рухани құндылықтарымызды жаңғырту басты тақырып ретінде алынған.

Көрмеге шақырылған шеберлердің қолөнер туындыларының көбі ұлттық бағытта дайындалғаны да сондықтан. Дегенмен көрмеге әкелінген туындылардың арасында моншақ, сырға-сақина, тіпті табиғатты бейнелеген неше түрлі картиналармен қатар, қолдан тоқылған заманауи  аяқкиімдер де бар. «Аленеуов» ЖК 1 маусым – Балаларды қорғау күніне байланысты сол күні дүниеге келген бес бірдей сәбиге бесік сыйлады.  Қазіргі таңда адамдардың сана-сезімі ашық, айқын, уақыт өткен сайын халқымыздың  ұлттық құндылықтарының бағасы артып, барған сайын дәріптеле түсуде. Егер осындай салмақты шараларды жиі ұйымдастырып тұрсақ, болашақ ұрпағымыздың бойында еліне, жеріне деген құрмет, сүйіспеншіліктің одан сайын арта түсетіні сөзсіз, — дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі,  БҚО Азаматтық альянсының жетекшісі Айгүл Түркина.

20170706_124109Көрмеге келушілер назарына, шынымен де, неше түрлі бұйымдар ұсынылды. Мысалы, Нұрлан  есімді жігіттің  («Аленеуов» ЖК) қолынан шыққан бесіктер 8-10 мың теңгенің айналасында болды. Көрпе-көпшігі жасаулы бесіктер – 15 мың теңге. Ал орталық базарда мұндай бесіктер 20-25 мың теңгеден бір-ақ шығады. Бұлардың қасында отырған көршісі – қалалық Наталья Мартынова мата қалдықтарынан қуыршақ тігудің шебері екен. Ол кәдімгі капрон шұлық пен мата қалдықтарын пайдаға жаратып, қуыршақтар мен жан-жануарлардың әдемі бейнелерін жасапты. Ол қызылды-жасылды боянған күркетауықты 2 мың теңгеге, ал Сайқымазақты (Клоунды)  4000 теңгеге сатамын деп отыр. «Көпжасарова» ЖК-ның иесі Жанар мүмкіндігі шектеулі болса да, қол қусырып үйде қарап отырғысы келмейді. Сондықтан қолынан келетін өнерді пайдаға асыруды жөн көрген ол өзінің жеке кәсібін ашып, балаларға арналған қуыршақтар мен үй жиһаздарын, сондай-ақ той-томалаққа арналған шашу ыдыстарын жасауды қолға алыпты. Оның қолынан шыққан дүниелер сондай әдемі көрінсе де, өте қымбат емес, 2- 4 мың теңге арасында. Оралдық Назгүл Ораз қолдан тоқыған шәркейлерін 2 мың теңгеге және «Тұрман» ЖК иесі Бадиғажамал Мусаева кәдімгі тоқыма жіптен тоқыған жазғы аяқ киімдерін 10 мың теңгеге ұсынды. Ал бөкейлік Артур Ғабдушев (суретте) туған жерін кесе мен тәрелкеге және жейделерге таңбалап басып-ақ, табыс табуға бекінген сыңайлы. Артур тәрелкенің қақ ортасына Хан үйінің суретін, кесесінің сыртына Хан ордасын бейнелепті. Ауылының әппақ құмына дейін суретке түсіріп, магнитті картинаға айналдыруының өзі оның туған жеріне деген ыстық ықыласын, ерекше құрметін көрсетсе керек.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ ұжымы да көрмеге үлкен дайындықпен келіпті. Аталмыш оқу орнынан келген Бейбітәлі Досқалиев келушілерге үлкенді-кішілі домбыраларды және асатаяқ, қоржын, торсық, келі, ожау, кесе секілді ұлтымызға тән ыдыс-аяқтар коллекциясын көрсетті. Шебер шілденің аяғына таман барша оралдықпен бірге Астана қаласына барып, туындыларын жан-жақтан ағылып келіп жатқан туристерге көрсететінін айтты. Ал Нұрдәулет Асқарұлы мен Фараби Жанқадамовтың керамикадан жасаған құмыралары да ерекше көз тартады. Қылқалам шеберлері туған жерге деген сүйіспеншілігін қарапайым бояумен шебер бере білген. Облыстық тарихи-өлкетану музейі ұсынған ассамблея құрамындағы түрлі ұлт пен ұлыс киімдері де көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Түрлі ұлт киімдерін, әсіресе, балақайлар қызыға тамашалады. «Жылқайдар» ЖК иесі сонау  Сырым ауданы Аралтөбе ауылынан келіп, көпшілікке өз қолынан шыққан ат әбзелін таныстырды. Жеке кәсіппен айналысқанына биыл сегіз жыл болған Нәсіпқали Жылқайдаров жылқы малына арналған құрал-жабдықтардан басқа  аяқкиім және түрлі мамандықтың арнайы киімдерін тігеді екен. Кәсіпкердің айтуынша, Сырымда және қалада орналасқан цехтарына тапсырыс үздіксіз түсіп тұр. Ирина Тетюеваның қолынан шыққан түрлі иіс сабындар, моншақ, алқа білезіктерге  де қызыққандар көп болды.

Бағасы онша қымбат болмағасын шығар, көрмеге келгендер шеберлердің ұсынған бұйымдарын сатып алып жатты, кейбіреулер олардың визиткасын алып, өздеріне қажет бұйымдарға қалаған үлгіде тапсырыс беріп те үлгерді. Көрмеге қатысқан облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы тәрбиеленушілерінің қолынан шыққан дүниелердің жөні тіпті бөлек. Орталық директоры Виктор Фоминнің айтуынша, балалар даярлаған бұл туындылар тұрмыстық қалдықтардан жасалған. Мысалы, «Балықшы туралы ертегі» атты картинада ертегі кейіпкерлерін  бейнелеу үшін негізінен шеге, бекіткіш, батырма, пластмасса шөлмектердің қақпақтары секілді қалдық заттар пайдаланылған. Ал «Менің қиялымдағы қала» атты туындыда балалар әсем қала – Астана бейнесін иіссу, әтірлердің босаған шөлмектерінен жасапты.

«Елбасы прагматизм туралы, яғни ысырапшылдыққа жол бермеу жөнінде айтты. Біз қалдықсыз өнім ережесін қатаң сақтап, қазіргі уақытта қалдықтарды да пайдаға асыруға кірістік», – деді өз сөзінде Виктор Павлович. Аталған орталық ұжымы даярлаған туристік құрылғылар көрмеге ерекше  сән  беріп  тұрды.

Алаңқайдың шет жағын ала орналасқан 4-5 суретші бір-бірінің суреттерін салып, көрушілердің назарын өздеріне аударуға тырысып жатты. Шет жақта отырған кішкентай бойлы қазақ жігіті адам портретін мейлінше жедел салады екен. Суретшінің өнеріне тәнті болғандар балаларының, аналарының портреттерін ақысын  төлеп, салдырып алды. Айтпақшы, көрме жұмысына жергілікті өнерпаздар мықты қолдау жасады. Олар көрме басталғаннан аяғына дейін Отан-ана, туған жер, Астана тақырыбындағы әндердің бірінен соң бірін шырқап, би билеп, шараның шырайын кіргізді.

oraloniri.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз