Жоқ жұмыс өтілін қайдан аламыз?

Бұл сауал бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келген жас мамандарды жиі мазалайды.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің тигізер пайдасы мол екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Екі қолға бір күрек таппай жүргендердің, болмаса қызметінен қысқаруға ұшырағандардың, тіпті зейнет жасына толса да, қоғамдық пайдалы еңбекпен айналысқысы келетіндердің бұл шараны тағатсыздана тосатыны сондықтан. Облыс орталығында бүгінге дейін 8 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жұмыс іздеушілерге 1671 жұмыс ұсынылған. 341 адам жұмыспен қамтылып, 73-і тұрақты түрде орналасқан. 42 жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға тартылған. 21 адам қайта дайындық курстарына жіберілген. Жуырда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кезекті жәрмеңке өтіп, білім, денсаулық сақтау, құрылыс, сауда, қызмет көрсету, машина жасау сала­лары бойынша 400-ден астам бос жұмыс орны ұсыныл­ды. Олардың арасында инженер, аспаз, есепші, құры­лысшы, дәнекерлеуші, дәрігер, логопед, аула сыпыру­шы, күзетші, тағы басқа мамандықтарға сұра­ныс­тың басымдығы байқалды.

Жұмысқа зәру санаттағылардың көпшілігі – жас­тар. Олар «Жастар тәжірибесі», «Кәсіби даяр­лау, қайта даярлау және қайта оқыту» секілді мем­лекет­тік бағдарламалар арқылы жіберілгенімен, тиісті орындар басшыларының қоятын қисынсыз тал­абы тауын шағып, меселін қайтаратын жайттар аз ұшыраспайды. Тәжірибелі мамандармен қатар жастарды да үйретіп, кәсіби шеберлігін шыңдаудың орнына көбіне жұмыс өтілі жоқтығын көлденең тартып, кеудеден итеруге бейіл. Әр жәрмеңкеге үлкен үмітпен келетін Сымбаттың қуанышы су сепкендей басылып, үнемі салы суға кетіп оралады. Ол былтыр колледж бітірген. Содан бері экономист мамандығы бойынша тұрақты жұмыс іздестіріп, таппай келеді. Қайда барса да, алдымен жұмыс өтілі сұралады. Бір таңқаларлығы, бос штат бірлігі бола тұра, оттай жанып тұрған маманның ынта-ықыласы, қабілет-қарымы ескерілмейді. Тым болмаса сынақ мерзімін тағайындаса ғой. Сүрінсем өз обалым өзіме, дейді Сымбат налыған үнмен.

– Колледжді айтасыз, жоғары оқу орнын бітір­ген диплом еш кәдеге аспаған күйі жатыр. Талай мекеменің табалдырығын тоздырдым. Сұрай­тын­дары – жұмыс өтілі. Жоқ болса, қайдан аламыз? Төрт жыл оқуымның текке өткеніне өкінемін, – дейді дәмханада нәпақасын тауып жүрген Майра есімді қарындасымыз.

Жұмыссыздар арасында ауылдан көшіп келген­дердің де қарасы аз емес. Аслан деген жігіт қалаға қоныстанғаннан бері жұмыс таппай сенделіп жүр. «Дәнекерлеуші керек» деген хабарландыру бойын­ша барса, кадр бөліміндегілер арнайы білімі жоқтығын сылтауратқан. Ауылда көп жыл дәне­кер­леуші де, ағаш шебері де болдым. Қыр-сырын бір адамдай білемін. Қолымнан келеді, – дейді не істерін білмей тығырыққа тірелген ол. Мұндай ұғынықсыз ұстанымның зарын талайлар тартып жүр.

Қазір Петропавл қаласында 617 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Есепке алынбағандары қаншама? Олардың арасында жас мамандар жетіп артылады. Жастарды жұмысқа орналастыруға мемлекет тарапы­нан айрықша көңіл бөлініп отырғанда жекелеген басшылардың жоғарыдағыдай көзқарасы қайран қалдырады. Біздіңше, мүдделі республикалық ведомстволар тарапынан мамандығы бойынша дип­ломы бар жастарды еңбек өтілінсіз жұмысқа тартудың бірың­ғай тәртібі енгізіліп, міндеттелсе, жөн-жосықсыз кедергілердің тамырына балта шабылар еді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

Солтүстік Қазақстан облысы.

https://egemen.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз