«Нұр Отандағы» өзгешелеу жиын

Кеше «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалында бұрынғыға ұқсамайтын, өзгешелеу жиын өтті.

Бүгінде көп қолданыла бермейтін қазақ халқының жыршылық дәстүрінің жай-күйін арқау еткен «Мирас қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында қос ішекті домбыраның қоңыр үні естіліп, ән әуеледі. Кеңес төрағасы, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин кіріспе сөзінде 2014 жылдың 11 қарашасында өткен «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында 2015-2020 жылдарға арналған сыбайлас Жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы қабылданғандығын айтты. «Елбасымыз өз сөзінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жолындағы негізгі қарулардың бірі ретінде рухани құндылықтарды сіңіруді, халықтық салт-дәстүрлердің негізінде тәрбиелеуді басты назарға алу қажеттігін атап айтты. Ендеше бүгінгі күн тәртібіне қойылып отырған жыршылық өнерді дамыту және оны жүзеге асыру мәселесі өзінің маңызын жоймақ емес. Мәңгілік ел боламыз десек, рухани құндылықтарға баса мән беруіміз қажет», - деді Жантас Набиоллаұлы. Кеңес жұмысына қатысушылар аталған мәселені бірауыздан қолдап, ой-пікірлерін ортаға салды.

Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің директоры Шалқыма Құрманалина жыршылық өнердің жастар үшін, қоғам үшін маңызы зор екендігін айтып, іске асыру тетіктерін ұсынды.

«Бұған дейінгі бір кездесуде журналистер дайындау мәселесі сөз болған еді. Биылдан бастап оқу орнында осы мамандық бойынша бөлім ашылды, оған қосымша сағат бөлініп, жергілікті журналистер дәріс оқып жүр. Дәл осындай жыраулар дайындайтын бөлім ашуға дайынбыз, оған 36 сағат береміз. Оқытып қана қоймай, жыраулармен кездесулер ұйымдастырып, жастарды қызықтырып, ынталандыру қажет. Тіпті заман ырғағына сай флешмобтар ұйымдастыруды да ойластыру керек. Мысалы, қазір жастарымыз «Қазақстан», «Нұр Отан», «Нұрсұлтан» деген сөздерді бір ырғақпен айтып жүрген жоқ па? Жыраулық дәстүрді осындай заманауи бағытта неге өрбітпеске? «Көшбасшылар» мектебінің жоспарына енгізуді ойластыру керек», - деді Шалқыма Хайроллақызы.

Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жамал Ихсанова жыл сайын өзара келісіп, бекітілген заңға сәйкес, 60-70 теле-, радиохабарға мемлекеттік тапсырыс берілетінін, соның ішінде жыршылық өнерге байланысты 10 шақты хабарды жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін тілге тиек етсе, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөлімінің жетекші маманы Гүлнәр Әлжанова жобалардың атауы мен мазмұнын анықтап, 2015 жылдың бюджетіне енгізуге ұсыныс білдірді.

Ж.Молдағалиев атындағы БҚО әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Роза Исатаева кітапханаларда жыршылармен кездесу ұйымдастыруға ықыласты екенін жеткізсе, БҚО мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әбіл Жоламанов қолда бар мүмкіндіктерді қарастыратынын айтты.

«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова кеңес отырысында көтерілген мәселелердің сөз жүзінде қалмайтындығына, партияның жоғары аппаратының назарына жеткізілетініне сендірді.

Белгілі журналист, ақын Қазбек Құттымұратұлы мен азаматтық белсенді, ақын Нұрлан Сәдір ата-бабадан жалғасып келе жатқан жыршылық өнердің балалардың ой-қиялын дамытуға, есте сақтау қабілетін арттыруға пайдасы мол екендігін айта келіп, жас жеткіншектердің арасында лиро-эпостық жырларды жатқа оқудан байқау ұйымдастыруға шақырды.

Облыс, республика көлемінде танымал дәстүрлі әнші, термеші Сағадат Рахметжанов та мәселенің дер кезінде көтеріліп отырғандығын айтса, жиынға қатысқан Сәкен Жанғазиев, Фархат Оразов сияқты жыршылар қара домбыраларын қолдарына алып, «Қыз Жібек» жырынан үзінді, Махамбеттің жыр-толғауларын нақышына келтіре орындап, «Нұр Отанның» ғимаратын әнге бөледі.

Кеңес жұмысын оның төрағасы Жантас Сафуллин: «Рух деген – от. Сол от бүгінде шоққа айналып, қоламтасы қалған. Әлсіз ғана жылтырап жатқан сол шоқты үрлеп жағып, маздатып, лаулату – баршамыздың міндетіміз», - деп қорытындылады.

www.zhaikpress.kz

Айгүл АХМЕТОВА

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз