Өңірдегі ең қуатты станса

Бір жылдары көршінің электр қуатына толықтай тәуелді болған өңіріміз жыл санап өзінің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып келеді. Соңғы жылдар ширегінде облыс аумағында бақандай үш газтурбиналы станса салынып, іске қосылды. Жалпы құны 145 млн. доллар тұратын газтурбиналы станса  құрылысының жобасын қолға алған «Батыс Пауэр» ЖШС жобаны толықтай «жандандыруды» 2017-2019 жылдарға жоспарлаған. Биылғы жылдың аяғына таман аталмыш компания қуаты 200 МВт-тық газ турбиналы стансасының  құрылысының бірінші кезеңін пайдалануға береді.  Зеленов ауданындағы Белес ауылы маңында бой көтерген газ турбиналы станса өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, Батыс Қазақстан облысын электр қуатын экспорттаушы өңірге айналдырмақ.

Су жаңа стансаның газтурбинасы алыстан «менмұндалап» көз тартады. Стансаның аумағы ат шаптырым әрі мұндағы нысандар «қыздың жиған жүгіндей» жинақы көрінді.  Осы стансаның бастығы Марина Балашова болашақ өндіріс аумағын аралатып, электр жабдықтарын, газ турбинаны іске қосу жұмыстарының барысымен таныстырды. Оның  айтуынша, газ реттегіш стансаны іске қосу жұмыстары көп ұзамай басталуы керек. Жобаны іске асыруда әлемнің ең озық  өндірісшілерінің  соны технологиялары пайдаланылған. Мұнда танымал америкалық «Дженерал Электрик» компаниясының газ турбинасы, Германияның «Alsthom» компаниясының генераторы орнатылған. Көмекші құрал-жабдықтар да «АВВ», «Semens» және өзге де әлемдік компаниялардан алынған. Нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарына жергілікті және шетелдік компаниялар тартылған. Немістің әйгілі «Wood Group» компаниясының да өкілдері осында жұмыс көрігін қыздыруда.

Мамандардың айтуынша, бұл өзі – аса  маңызды стратегиялық нысан. Әрі облыс үшін мән-маңызы зор. Қазақстанның батыс өңіріндегі үш облыс (Маңғыстау, Атырау және БҚО) еліміздің бірыңғай электр энергетикасы жүйесіне қосылмаған. Соған орай қысқы мезгілде қуатты көп тұтыну кезінде электр қуатының жетімсіздігі орын алады. Әрине, мамандар мұны электр қуаты жетіспейді деп туралап айтпағанмен, өзіміздің жергілікті өндірушіден өндірілетін қуат жетісіңкіремейді деп түсіндіреді. Облысқа қажет электр қуаты Маңғыстау облысындағы «МАЭК-ҚазАтомПром» ЖШС-дан, Ресейдегі «Интер РАО ЕЭС» ААҚ компаниясынан сатып алынуда. Оның үстіне биыл «ҚПО б.в.» компаниясындағы трансформатордың ойда жоқта істен шығуы кесірінен кеніштегі стансадан өңірге босатылатын электр қуаты көлемінің кемуіне әкеп соқтырды. Статистикалық мә-ліметтерге сүйенсек, 2014 жылы өңірге 149 млн. кВт. сағат электр қуаты сырттан тасымалданған. Яғни осыншама көлемде қуат жетіспеушілігі орын алған. «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, қуатты сырттан сатып алу экономикалық тұрғыдан тиімсіз, өйткені оның бағасы қымбат әрі тасымалдау шығыны да бар дегендей.

- Мына газ турбиналық станса іске қосылған жағдайда, өңір қуатпен толықтай қамтылады. Сырттан тасымалданатын қуаттың бағасымен салыстырғанда өзімізде өндірілген қуат бағасының арзандау болатыны кәміл. Сонымен қатар батыс аймақты түгелдей электр қуатымен қамтитын боламыз, — деп түсіндірді станса бастығы Марина Балашова.

Электр стансасының келешегі зор. Онда сағатына 100 МГВт электр қуаты өндірілмек. Бұл станса облыс аумағындағы электр стансаларының ішіндегі ең қуаттысы, қуат өндірушілердің көшбасшысы болмақ. Сонымен қатар стансаның екінші кезеңінің құрылысы да жоспарланған. Екінші кешеннің өндірістік қуаты да біріншідегідей сағатына 100 МГВт шамасында болады деп жоспарланған. Стансада электр қуаты табиғи газды жағу арқылы алынатын болғандықтан, турбинадан шығатын ыстық газды кәдеге жарату жағы ойластырылған екен. Соған орай қазандықтар орнатылып, онда өндірілетін жылу қуаты есебінен станса іргесіне жылыжайлар салуға мүмкіндік бар.

Одан басқа жылудың, будың есебінен екі генератор арқылы 100 МГВт. сағат қуатқа қосымша 50 МГВт. сағат қуат өндіріледі.

Қазіргі уақытта құрылыс алаңында станса жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрал-жабдықтар күрделі әрі газбен қамту жүйесін жалғау да оңай шаруа емес. «Стансаға іргеден өтетін жоғары қысымды «Союз» магистральдық газ құбырынан газ жеткізетін құбыр тартылды. Сол құбырдан келетін газды осы станса аумағында салынған автоматты газ реттегіш стансада тазалап, қыздырып, салмағын «жеңілдетіп», яғни тиісті талап деңгейіне жеткіземіз. Содан кейін газ турбиналы қондырғыға жіберіледі. Қондырғыда газ жанып, генератордың көмегімен 11,5 кВт электр қуаты алынады. Өндірілген қуат осындағы кешенді электр қондырғысында 220 кВт-тық деңгейге жеткізіліп, «КЕГОК» АҚ-ға қарасты «Степной» қосалқы стансасы арқылы электр қуатын тарататын желіге беріледі», — деп тәптіштеп түсіндірді Марина Василийқызы. Станса бастығы Белес ауылының станса құрылысына кездейсоқ таңдалмағанын айтты. Өйткені осы тұстан «КЕГОК» АҚ-ның магистральды электр же-лісіне қосылуға мүмкіндік бар.  Өндірілген қуат магистральды желіге беріліп, одан әрі облысқа немесе көршілес өңірлерге та-ратылмақ. Әрі жоғары қысымды «Союз» газ магистралі де жақын.

Жоба инвесторлардың жеке қаражатына және несиелік қаражаттың есебінен жүргізілуде. Сонымен қатар маңызды нысан құрылысына «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының да қолдау-көмегі тиген. Магистральды газ құбырына қосатын газ құбырының және Белес ауылының бас көшесі бойымен  стансаға дейінгі жол құрылысы мемлекеттің есебінен салынған. Айтқандай, жобаны іске асыру барысында қажетті құрал-жабдықты бөлшектемей жеткізу жұмысы тыңғылықты атқарылған.

- Негізгі жүкті жеткізу оңайға түспеді. Италиядан шыққан жүк (генератор, газ турбинасы, қосымша жабдықтарымен) Волга – Дон каналы бойымен баржымен Атырау айлағына жеткізілді. Одан әрі сол баржымен көктемгі су тасыған кезде Жайық өзені-мен Коминтерн ауылына тасымалданды. Одан әрі арнайы көліктермен стансаға жеткізіліп, алдын ала құйылған іргетасқа орнатылды. Барлығы 650 тонна жүк бөлшектенбей тасымалданды. Мұның өзі ерекше үрдіс болды. Стансаға жөндеу жұмыстары кестеге сай уақтылы жүргізілсе, онда станса 40 жыл бойы тұрақты жұмыс істейді, — дейді «Батыс Пауэр» ЖШС-ның бас директоры Жасұлан Жақыпов.  Оның айтуынша, станса іске қосылғаннан кейін 70 адам жұмыс істейді. Қазірден білікті кадрларды жинақтау, олардың біліктілін көтеру жөнінде келісімдер жүруде.

Жалпы, бұл станса біздің өңірге не береді? Бұл сауалымызға мамандар электр қуатын нарығында бәсекеге қабілетті тағы бір «ойыншы» пайда болады десті. Аталмыш стансада өндірілген өнім, яғни электр қуаты облысқа тиімді болмақ. Мұнда жылына 748 млн. кВт сағат электр қуаты өндіру жоспарланғанын және өңірдегі қуат жетіспеушілігі 149 млн. кВт.сағат құрағанын ескерсек, станса қуатының көп бөлігі өңірімізді қамтуға жетіп артылады.

- Облыстың жағырапиялық орны электр қуатын шетелге, соның ішінде Ресейге, Беларусьқа шығарып өткізуге мүмкіндік береді. Қазақстанның кедендік одаққа мүше екендігін ескерсек, жобаның тиімділігі өседі, өйткені ол облыстың экспорттық көрсеткішінің деңгейін көтереді. Сонымен қатар жаңа өндірістің іске қосылуымен жергілікті бюджет жаңа түсіммен толығады, — деді «Батыс Пауэр» ЖШС-ның бас директоры Жасұлан  Жақыпов.

Өңірдегі Индустрияландыру картасы шеңберінде іске асырылып жатқан газтурбиналы станса жобасын энергетик мамандар  нар тәуекелді қажет еткен күрделі жоба деп бағалайды. Елімізде электр энергетикасын дамытудың өзектілігі жағдайында аталмыш жобаның маңызының салмақты екені шүбәсіз.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз