Орал қаласында биыл 1,1 млрд. теңгеге сегіз әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтпек

Орал қаласында биыл 1,1 млрд. теңгеге сегіз әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтеді.

Орал қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, үш балабақша, төрт мектеп, бір кітапхана қайта ашылмақ. Кеше шаһар басшысы №17 «Родничок», №6 «Шолпан» және №49 «Ақ ниет» балабақшаларын аралап, олардағы күрделі жөндеу барысымен танысты. Зачаган кентіндегі іргесі 1972 жылы қаланған «Родничок» балабақшасы 140 бүлдіршінге арналған. «Ремстройбыт» ЖШС директоры Мақсат Геюшовтың сөзіне қарағанда, өткен жылдың желтоқсанында басталған күрделі жөндеу, абаттандыру жұмыстары таяуда бітпек, бұл мақсатқа 110 млн. теңге бөлінген. Нысан 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қайта ашылмақ.

Қаланың орталық бөлігінде 1864 жылы салынған 100 орындық «Шолпан» балабақшасының ғимараты ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіші болып табылады. Апатты жағдайдағы нысан деп табылған ғимаратты 46 млн. теңгеге «Уральскстройинвест» ЖШС ретке келтіруде.

Сондай-ақ, бұрын мектеп болған, 360 орынға есептелген «Ақ ниет» балабақшасының ғимараты 91 млн. теңгеге қайта жөнделуде.

Қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Серік Сафиуллиннің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Зачаган кентінде тағы бір балабақша құрылысы басталды. Жалпы, қалада 16 мыңдай бүлдіршін балабақша кезегінде тұрса, биылғы мамыр-қыркүйек айларында солардың 4 мыңдайын мектепке дейінгі ұйымға орналастыру көзделуде.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз