Орал қаласының 2016 жылғы бюджеті 22 млрд. 159,9 млн. теңгені құрамақ (ФОТО)

Орал қаласының 2016 жылғы бюджеті 22 млрд. 159,869 млн. теңгені құрамақ. Бұл туралы Орал қалалық мәслихатының кезектен тыс 40-сессиясында 21 желтоқсан күні қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Бибігүл Ниетқалиева мәлім етті.

Оның айтуынша, соның ішінде 6 066,7 млн. теңге республикалық және облыстық трансферттер болса, 16 093,2 млн. теңге - қаланың өз табыстары.

Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің ерекше еңбек жағдайлары үшін еңбекақы мен ай сайынғы үстеме ақы төлеудің жаңа жүйесіне сәйкес, сондай-ақ әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалақысын арттыру бағытында 3 млрд. 035 млн. 224 мың теңге қаралды.

Облыстық бюджет есебінен бейнебақылау жүйесін орнату мен компьютерлік техниканы жаңартуға 57,2 млн. теңге бөлінсе, қала қазынасынан балаларды тасу үшін бес автобус алуға 29,4 млн. теңге жұмсалмақшы.

Республикалық бюджет есебінен Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде жас отбасыларға арналған 90 пәтерлік үй құрылысы аяқталып, осы жаңа үйлер салынып жатқан аумақта жоспарлау, кварталішілік жол салу жұмыстары атқарылмақшы. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен Зачаганда 10 және 9 қабатты несиелік үйлер, жас отбасыларға арналған 90 пәтерлік  үй құрылысы жалғасып, Деркөл кентінде сумен қамтудың екінші кезегі жүргізіледі.

Қала бюджеті есебінен С.Есқалиев, А.Байтұрсынов, Қазталов және В.Шубин көшелерінің жолдары қайта құрылады. Қаладағы 7-9-шағынаудандардағы №3 көше құрылысына облыстық бюджеттен 58,7 млн. теңге берілсе, қала қазынасынан қосымша тағы 85,6 млн. теңге бөлінбек.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 136,3 млн. теңге қарастырылса, соның ішінде №39 орта мектепті күрделі жөндеу көзделуде.

Республика мен облыстан берілетін трансферттік қаржыларды есептемегенде, қала бюджеті 2017 жылы 14 млрд. 767,384 млн. теңге, 2018 жылы 15 млрд. 315,827 млн. теңге көлемінде болады деп жоспарлануда.

Депутаттар Орал қаласының 2016-2018 жылдарға арналған бюджетін бір ауыздан бекітті.

Сессияда сөз сөйлеген Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов 2015 жылы депутаттармен бірлесе отырып, жоспарланған жұмыстардың атқарылғанын және алдағы жылдар бюджетінің есептік кездесулерде тұрғындардың айтқан ұсыныс-пікірлері ескеріліп, жасалғанын атап өтті. Мысалы, облыс орталығында тұрғын үй құрылысы қызу жүргізілуде. Биыл жазда іске қосылған 446 пәтердің 221-і кезекте тұрғандарға, қалғаны «Қазақстан тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» қатысушыларына берілді. Жыл соңына дейін «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес тағы үш үй пайдалануға беріледі. Тұрғын үй құрылысына 4,7 млрд. теңге бағытталды. Оған қоса Ұлттық қор есебінен биыл құрылысы басталған бес үй алдағы жылы салынып бітеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасына сәйкес 74 млн. теңгеге 8 үй жөндеуден өткізілсе, мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік негізінде апатты үйлердің орнына қос үй бой көтеруде. Қалада жол құрылысына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Өткен жылы бұл мақсатқа 4,9 млрд. теңге жұмсалса, биыл 3,6 млрд. теңгенің жұмыстары атқарылды.

«Елбасы Жолдауына сәйкес алдағы жыл міндеттері де жеңіл емес, жұмыс та ауқымды. Соның бәрін бірлесе атқара  отырып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын лайықты қарсылауымыз керек», деп түйіндеді сөзін А.Көлгінов.

Айта кетейік, қаланың биылғы нақтыланған бюджеті 26 млрд. 520 млн. теңге болды. 
null null null

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз