Оралда атақты шабуылшы А.Ионкинді еске алуға арналған халықаралық турнир мәреге жетті

12 мамыр күні Оралда белгілі шабуылшы, КСРО спорт шебері Анатолий Ионкинді еске алуға арналған футболдан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир мәреге жетті.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш жарысқа Орал, Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Самара қалаларынан барлығы сегіз команда қатысып, бақ сынады.

Финалдық бәсекеде «Ақжайық» және «Ақтөбе» футбол орталықтарының командалары жасыл алаңға шығып, онда 2:1 есебімен жеңіске жеткен ақтөбеліктер чемпион атанды. Үшінші орынға Самараның «Юнит» командасы көтерілді. Жекелеген спортшылардан Әсет Құлбаев («Авиатор», Ақтөбе) - үздік қақпашы, Әлішер Әжімов («Ақтөбе» футбол орталығы) - үздік қорғаушы, Рамиль Жанғазиев («Атырау») - үздік жартылай қорғаушы, Данила Косарев («Юнит») - үздік шабуылшы, Ерқанат Құбайдолла («Ақжайық») - үздік мерген, Алтынбек Нағашымбеков («Ақтөбе») үздік ойыншы атанды.

Еске сала кетейік, А.Ионкин (4.10.1950, Орал - 13.05.2009, Орал) Орал қаласында туып-өсті. Қазіргі «Ақжайық» футбол клубы стадионы маңында тұрған ол аяқдоптағы алғашқы қадамын Оралда бастап, Алматыда аяқтады. «Қайраттың» құрамында КСРО чемпионатында 25 гол соқты. Әсіресе, 1974 жылғы маусымда қарсыластар қақпасына 16 доп енгізіп, Олег Блохиннен кейін екінші орынға көтерілді. Жаттықтырушылық қызмет атқарып, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті болған Анатолий Ионкин бұдан бес жыл бұрын, 2009 жылы 13 мамырда бір кезде өзі доп тепкен стадионда жүрегі тоқтап, көз жұмды.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз