Оралда коммуналдық кәсіпорын басшысы қылмыстық топ құрды деп айыпталып отыр.

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының Арнайы прокурорлар басқармасы «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Ринат Нұрышевті айыптау бойынша қылмыстық іс өндірісін аяқтады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Кәсіпорынның бұрынғы басшысы ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, бюджет қаржысын талан-таражға салғаны және құзыретін асыра пайдаланғаны үшін айыпталып отыр.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Р.Нұрышев «Спецкомплектация» ЖШС мекемесінің басшылығы И.Невгад, А.Невгад, сондай-ақ азамат Т.Мясоутовтар кірген қылмыстық топ құрған. 

«Р.Нұрышев «Спецкомплектация» ЖШС шотына құбыр және басқа да металл өнімдерін мемлекеттік сатып алу туралы 5 келісім-шарт бойынша ақшалай қаражатты аударған. ЖШС директоры И.Невгад оның күйеуі А.Невгад басқаратын ЖК «Арматрейд» үлестес кәсіпорын шотына келген қаражатты аударып отырған», - делінген хабарламада. 

А.Невгад шоттағв қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, бір бөлігін «делдал» Т.Мясоутов арқылы Р.Нұрышевке беріп отырған, ол аталған қаржыны өзінің жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

«2011-2013 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 127 млн 350 мың теңге материалдық шығын келтірілді», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Р.Нұрышевке, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелеріне жалған құжаттарпен «Жайықжылуқуат» АҚ қоймаларына 273, 426, 630 диаметрлі құбырларды әкелінді деп көрсетіліп 13 млн 230 мың теңге қаржыны жымқырған деп айып тағылды. Аталған құбырлар сатылып алынбаса да Р.Нұрышев «Спецкомплектация» ЖШС шотына 13 млн 230 мың теңге аударған. Қомақты сома қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмыстық топ мүшелерінің арасында бөлінген.

Қылмыстық іс ҚР ҚІЖК 280 бабы бойынша қадағалаушы прокурорға жолданды, ол айыпталушыларды сотқа беру туралы шешім қабылдады. Р.Нұрышев пен И.Невгадтың кінәлілігі немесе кінәлі еместігі туралы шешімді сот анықтайды.

http://www.bnews.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз