Оралда кәсіпкер В.Каркуланы өлтірушілерге қатысты сот талқысы басталды

Бүгін БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Ақгүл Қарасаеваның жүргізуімен кәсіпкер Виталий Каркуланың үйіне қарақшылық шабуыл жасап, оны өлтіргендерге қатысты сот талқысы басталды.

Қылмыстық топ басшысы 34 жасар Азамат Тоғаев, 28 жасар Мерген Иманқұлов және 36 жасар Кенже Біржановқа ҚР Қылмыстық Кодексінің жеті бірдей бабы (соның ішінде кісі өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, тонау, есірткі сақтау, бандиттік топ құру және соған қатысу) бойынша айып тағылып отыр.

Сотта мемлекеттік айыптаушы мәлімдегеніндей, 2013 жылы қарашада бұрын сотталған, криминалдық тәжірибесі бар А.Тоғаев Оралға келіп, қарулы топ құру, тонау мақсатында оған таныстары М.Иманқұлов пен К.Біржановты тартады. Заңсыз түрде қос аңшы мылтығы мен «Стражник» травматикалық тапаншасын сатып алып, 2014 жылдың басында Зеленов ауданындағы Переметный және Калинин ауылдарын шолуға шығады. Онда осы өңірді білетін Иманқұлов сыбайластарына кәсіпкерлердің үйлерін көрсетеді. Шетте тұрған Каркуланың үйін тонауды қолай көреді. Алдын ала барлау жүргізіп, 13 қаңтар күні өздері мінген «Ауди» автокөлігін «Тұлпар» техникалық қызмет көрсету стансасы маңында қалдырады да, түнделетіп, кәсіпкердің үйіне келеді. Біржанов аулада қалады да, Тоғаев пен Иманқұлов терезені сындырып, ішке басып кіреді.  Айқай-шудан үй иелері оянып, қолына мылтық ұстай шыққан Виталий Каркуланы көрген қарақшылар оның бетінен атады. Содан кейін Валентина Каркуланы ұрып-соғып, ақша беруді талап етеді. Одан 3 млн. 380 мың теңге тұратын алтын бұйымдар мен бір миллиондай теңгені алып, басынан мылтықпен ұрғаннан кейін Валентина Каркуланы өлді деп ойлап, із жасырады.

Бірінші сот талқысында сотталушылар айыптарын ішінара ғана мойындады. Мәселен, Иманқұлов пен Біржанов үй тонағанын ғана, Тоғаев топ құрып, кісі өлтіргенін айтты.

Сотқа жәбірленуші тарапынан қатысқан кәсіпкердің ұлы Юрий Каркула сотталушыларға өмір бойғы жаза кесуді сұрады.

Сот талқысы жалғасуда.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз