Оралда мас күйінде көлік жүргізген лауазымды қызметкер ұсталды

15 мамыр күні оралдық жол-патрульдік батальоны қызметкерлері БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы бастығының орынбасары айдап келе жатқан «Тойота Камри» автокөлігін тоқтатты.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, оның құжаттарын тексеру кезінде жүргізушілік және көлік құралын тіркеу туралы куәлігі болмаған. Осыған байланысты жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 470-бабы 1-бөлімі (қолында жүргізу құқығына жүргізушілік куәлігі және көлік құралына иелік етуге, қолдануға, басқаруға құжаттары жоқ жүргізушінің көлік құралын басқаруы) бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Сондай-ақ, автомашинаға жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі орнатылған. Жалған мемлекеттік нөмір қондырып, көлік құралын басқарғаны үшін жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 461-бабы 3-бөлімі (көлік құралына көрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірінің белгілерін (белгісін) орнату) және 461-бабы 3-1-бөлімі (қөрінеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірінің белгілері (белгісі) бар көлік құралын жүргізу)  бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды.

Аталған әкімшілік материалдарды толтыру кезінде ұсталған адамнан алкогольдің иісі шықты. Көлік құралын ішімдік ішкен мас күйінде айдады деген күдік бойынша жүргізуші облыстық наркологиялық диспансерге медициналық тексеруден өтуге жолданды. Дәрігер-наркологтың қорытындысына сәйкес жүргізушіге «жеңіл дәрежеде алкоголь ішкен» деген диагноз қойылды. Бұл факті бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 467-бабы 1-бөлімі (жүргізушінің алкогольден мас күйінде көлік құралын жүргізуі) бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды.

Жинақталған барлық материалдар заңда белгіленген тәртіппен сотқа жолданатын болады.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз