Оралда мерекелік шеруге 35 мыңнан астам адам қатысты

1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні биыл Орал қаласында ерекше көтеріңкі леппен, жарқын көңіл-күймен тойланды.

Қаланың орталық көшесі - Достық даңғылымен Абай алаңына дейін 250-ден астам мекеме-кәсіпорын, басқарма-департаменттер, этномәдени бірлестіктер, оқу орындары сән-салтанатпен жүріп өтті. Мерекелік шеруге 35 мыңнан астам адам қатысып, ел бірлігін нығайту, ұлтаралық, дінаралық келісімді орнықтыруға осылайша үн қосты. Алаңда қазақ елінің шаңырағын айнала түрлі ұлт өкілдері өз билерін биледі, әндерін шырқады. Сахнада облыстың бетке ұстар әнші-жыршылары, күйші-бишілері өнер көрсетіп, мерекенің мерейін асырды.

Өңір жұртшылығын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 19 жыл толды. Осы уақыт ішінде аталмыш қоғамдық институт өз өміршеңдегін көрсете білді. Қазақстанда 130-дан астам, Батыс Қазақстанда тоқсанға жуық түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Ассамблея  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында айтқанындай, «ортақ патриоттық тұғырнамада топтастырудың бірден-бір сенімді тетігіне» айналды. 2030 стратегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асырған Қазақстан алдында тың мақсат-міндет тұр. Ол - 2050 стратегиясы. Оған да біз осы бірлігіміз арқасында қол жеткізе аламыз. «Президентіміз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады. Осы бағытта облыста көптеген іс-шаралар атқарылмақ. Оны орындауға ассамблея мен этномәдени бірлестіктер мүшелері, барша халық өз үлесін қосатын болады», деді әкім.

1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған шаралар Батыс Қазақстан облысында одан әрі жалғасуда.

Фото Infoportal.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз