Оралда М.Мәметова мұражай-үйінен жәдігерлерді жымқырған күдікті құрықталды

21 мамырға қараған түні Орал қаласында белгісіз біреу Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова мұражай-үйінің терезесін сындырып, ішіне кіріп, тарихи құнды жәдігерлерді алып кеткен.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, атап айтқанда, 1891 жылы жасалған «Мосина» снайперлік винтовкасы, «КО» карабині, граммофондық күйтабаққа арналған механикалық патефон, сондай-ақ өңірде Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан қайраткер, Бөкей ордасы ауданының тағы бір түлегі Хамит Чуриннің раритеттік былғары рулетка-өлшеуіші, заманауи үлгідегі «Самсунг» DVD-плеер қолды болған.
Қарауылшы - мұражай директорының ұлы сол кезде ұйықтап жатқан, ештеңе естімеген де, көрмеген де. Мұражай қызметкерлері жұмысқа сағат 10.00-де келіп, есікті ашқанда ғана ұрлық болғанын байқаған.

Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде бұрын ұрлық жасап, кісі тонағаны үшін бес рет сотталған 1989 жылғы тұрғын ұсталып, уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Құнды жәдігерлер табылып, мұражайға қайтарылды.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз