Оралда «Сарыарқа» кемесі суға түсірілді (фото)

Бүгін Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне орай Шаған өзенінде «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-да құрастырылған «Сарыарқа» кемесінің суға түсірілу рәсімі болды.

Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, іргесі 1941 жылы қаланған «Зенит» зауыты елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін зауыт кеме жасауға маманданды. Елбасы тапсырмасына сәйкес кәсіпорын мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар тек осымен шектелмей, халық тұтынатын тауарлар шығаруға да зауыттың мүмкіндігі, кадрлық әлеуеті жетеді.

ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайымның айтуынша, зауыт жасаған жиырмадан астам кеме қызмет етуде. ҚР Қорғаныс министрлігі елдің қорғаныс кешенін дамыту бағытында жаңа бағдарлама қабылдады, соған сәйкес тың тұрпаттағы кемелер жасауға да тапсырыс берілетін болады.

«Орал «Зенит» зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиевтің сөзіне қарағанда, су ығыстырылымдығы 240 тонна болатын «Сарыарқа» зымыран-артиллериялық кемесі қазіргі заманғы қару-жарақпен, радиотехникалық құралдармен жабдықталған. Кеменің ұзындығы 42 метр де, ені - 7-8 метр шамасында, жылдамдығы - 25-30 узел., жүзу қашықтығы - 1200 миль. Биыл жазда ҚР ҰҚК Шекара қызметіне арналған су ығыстырылымдылығы 62 тоннадай, жылдам жүретін «Айбар» күзет катерін суға түсіру көзделіп отыр. Ол бұдан бұрын шығарылған «Бүркіт» катерлерін алмастыратын болады, «Айбар» бұрынғы «ағайындарына» қарағанда, әлдеқайда жетілдірілген.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз