Оралда Шаған өзенінен өтетін көпірді жөндеу жұмысы мерзімінен бұрын аяқталмақ

Оралда Шаған өзенінен өтетін автокөпірді күрделі жөндеу жұмысы аяқталып келді.

Орал қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, тамыз айының ортасында басталған жұмысты төрт айда бітіру жоспарланған еді. Қазіргі кезде оны мерзімінен бұрын, осы айдың соңына таман тәмамдау көзделуде. Қысқа мерзімде көпірдің ескі асфальт және бетон жабындары алынып тасталып, қайта құйылып, тірек бөліктері ауыстырылды. Барлық электр сымдары жаңа асфальттың астында қалдырылды. Көпірде қуат үнемдейтін шамдар орнатылды.

«Алматыинжстрой» АҚ Орал қалалық филиалының бас инженері Идият Ілиясовтың сөзіне қарағанда, көпір жөндеу жұмысы 93 пайызға орындалған. Тек Ресейден деформациялық жіктердің уақтылы жеткізілмеуінен ғана іс кешеуілдеуде. Оны осы айдың үшінші онкүндігінде жеткізсе, сол бойда орнатылып, көпір пайдалануға дайын болмақ.

Айта кетейік, 1980 жылы іске қосылған аталмыш көпірді күрделі жөндеуге 189 млн. астам теңге бөлінген. Сонымен қатар Х.Есенжанов көшесінен Деркөл кентіне дейінгі 5123 метр жол (құны - 780 млн. теңге) толықтай жөнделіп бітті. Енді көпір ашылса, Деркөл кентінің тұрғындары Зашағанды айналмай, бұрынғыша қалаға тіке қатынайтын болады.

Жалпы, биыл Оралда 16 қала көшесіндегі 25 шақырым жолды жөндеуге 3,6 млрд. теңге жұмсалды. Сондай-ақ Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес 2,2 млрд. теңгеге 13 шақырым инженерлік желі қайта жаңартылды.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз