Оралда су тасқыны болған жағдайда қауіпсіз жерге көшіру жоспары әзірленді

Оралда көктемгі су тасқыны болған жағдайда қауіпсіз жерге көшіру жоспары әзірленді, деп хабарлайды BNews.kz Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Қала әкімі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, көпсалалалы жол пайдалану кәсіпорны өкілдерінен құралған жұмысшы топ су тасқынына қауіпті деген учаскелер – қаланың солтүстік-шығыс бағыты, «Жұлдыз» шағын ауданы мен Зачаганск кентінің Сарытау шағын ауданында болды. Жұмысшы топты қала әкімі Алтай Көлгіновтің өзі бастап жүрді.

Аталған аумақтарда қар әлі де көп екені байқалды. Шағын аудандарды аралап, көзімен көрген қала әкімі су тасқыны қаупін сейілту үшін бірінші кезекте қандай шараларды қолға алған дұрыс, келешекте қандай жобаларды іске қосуға болады деген сауалдарды коммуналдық қызмет өкілдеріне жолдап, мәселенің шешімін табуына алаңдаумен болды.

«Қала теңгеріміндегі барлық техника орталықты қардан тазалап бітірді. Енді азын-шоғын техника орталықта қалдырылады да, техниканың басым бөлігі мен жұмысшылар су тасқыны қаупі күшті учаскелерге жұмылдырылатын болады. Қардан тазарту жұмыстарын қауіп мол деген орындардан бастаймыз. Олар – «Жұлдыз» және солтүстік-шығыс шағын ауданы, Деркүл мен Зашағандағы Сарытау, Көктем, Кең дала, Болашақ, Балауса ықшам аудандары. Ал тұрғындар өз ауласындағы қарды көшеге шығарулары керек. Ауладағы қарды шығарса, біз көшедегі қарды өзіміз тазалаймыз. Осылайша қауіпті сейілтетін боламыз. Даладан келетін еріген қар суына арнайы бұрма жолдар жасалып жатыр. Су келетін жағдайда үйлерді баспай, өз жолымен ағуы тиіс», – деп Сарытау шағын ауданының тау жақ бетін нұсқады Алтай Сейдірұлы.

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Талғат Еділбаевтың айтуынша, 2014 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары ойдағыдай.

"Қала аумағын су тасқынынан қорғау және тасқын орын алған жағдайда немесе төтенше жағдай қаупі төнгенде әрекет ету, қауіпті аумақтан тұрғындарды көшіру жоспарлары дайындалды. Бүгін еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін аумақтарды қарап шықтық. Су тасқынына қарсы шараларды жүргізуде барлық күшіміз бен техникамыз әзір. Жүз бірлік техника мен бір мыңдай адам күші сақадай-сай отыр. Қалада жедел штаб құрылып, жұмыс істеуде. «Қазгидрометтің» болжамы бойынша наурыз айында төмен температура күтілуде. Бұл қардың біртіндеп еруіне әсер етуі тиіс", – деді Талғат Мақсотұлы.

Көпсалалы жол пайдалану кәсіпорнының басшысы Болат Әмірғалиев қыс басталғаннан күні бүгінге дейін қала аумағынан 137 текше метр қар шығарылғанын айтты. Бұл шамамен 98 мың тоннаға тең.

"Қазіргі таңда біз үшін «Жұлдыз» шағын ауданы өте қауіпті учаске. Тап ертеңнен бастап «Жұлдыздан» қар шығаруды бастаймыз. Ол үшін тұрғындар аулаларындағы қарды шығаруы қажет. Жалпы, күнбе-күн мекеменің 360 жұмысшысы қар шығарып, арықтарды тазалаумен шұғылдануда. Бүгінде қала бойынша 27 700 метр арық бар болса, соның 23 300 метрі аршылды", – деді Болат Жазитұлы.

http://bnews.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз