Оралда тапаншадан оқ атқан адам ұсталды

17 сәуір күні Оралда Тюленин мен Әбілқайыр хан көшелерінің қиылысында белгісіз біреу травматикалық тапаншадан оқ атып, екі адамды жаралап, өзі оқиға орнынан бой тасалаған болатын. Батысқазақстандық полицейлер осы оқиғаға кінәлі адамның бір тәуліктен кейін ұсталғандығын мәлімдеді. 

БҚО ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Мағауия Құрмашевтің сөзіне қарағанда, сол маңда «Ибрагимов» жеке кәсіпкерлігінің жұмысшылары, ағайынды Ибрагимовтер жол жұмыстарын жүргізіп жатқан. Осы тұстан өтіп бара жатқан Ваэ Адамян деген азамат автокөлігін тоқтатып, жұмысшылардың әлдене деп тұрғанын өз атына қабылдап, олармен байланыса кетеді. Сол арада Эльяр Ибрагимовпен төбелеседі. Бұларды айырғаннан кейін оқиға орнынан кетіп қалған Адамян қайтадан оралып, «мәселені шешуді» жалғастырады. Ағайындылар онымен сөйлескісі келмей, бас тартады. Сол мезгілде Адамян Эльяр мен Эльвар Ибрагимовтерге травматикалық тапаншамен екі рет оқ атып, кеуде тұсынан жаралайды. Жарақат алғандар ауруханаға жеткізілгенмен, медициналық жәрдем көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген. Бұзақының автокөлігі сол күні Оралға қарасты Зачаган кентінен табылса, өзі 18 сәуір күні қолға түсті. 

Қазіргі кезде қаладағы ЖШС-тардың бірінің директоры болып табылатын Адамянның үстінен ҚР ҚК 257-бабы 3-бөліміне сәйкес (атыс қаруын қолдана отырып, бұзақылық жасау) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

http://inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз