Оралда жаңа үлгідегі кітапхана салынады

Орал қаласында Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының жаңа ғимараты соны үлгіде салынатын болады.

Облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Айдар Батырхановтың айтуынша, қазіргі кезде оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Күрделі құрылыс болғандықтан, оған осындай кітапханасы бар Орынбор қаласынан мамандар тартылады. Қазіргі заманғы озық жетістіктерді ескерумен салынатын кітапхана әлемдік деңгейдегі әдемі ғимарат болмақ.

Айта кетейік, биыл өңірде мәдениет саласы бойынша үш ғимарат іске қосылады. Атап айтқанда, Орал қаласында қыркүйек айында Қадыр Мырза Әлі атындағы шығармашылық орталық пайдалануға берілмек. Онда Батыс Қазақстаннан шыққан ақын-жазушыларға арналған көрме-бөлмелер, ҚР Жазушылар, Суретшілер және Композиторлар одақтарының облыстық бөлімшелері орналасып, мәдени орталыққа айналмақ.

Ал Қаратөбе ауданы Сулыкөл ауылында 200 орындық ауылдық клуб пен кітапхана бой көтереді. Бұл екі ғимарат «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының облыстың әлеуметтік жобаларына бөлетін қаржысы есебінен салынуда. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаржысына Қазталов ауданы Бостандық ауылында клуб жаңадан тұрғызылмақ.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз