Оралда жас балаларды азғындатумен айналысқан британдық П.Барухтың ісі прокуратураға жолданды

Ұлыбританиялық азамат Питер Барухқа қатысты қылмыстық іс айыптау қорытындысымен ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 280-бабы бойынша Орал қаласының прокуратурасына жолданды.

Облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасынан хабарлағанындай, 1976 жылғы Барух Питер Даниэль Альфред «Жайықмұнай» ЖШС-ның шақыруымен кеңес беруші маман ретінде 2013 жылғы 7 қарашадан бастап Атырау және Батыс Қазақстан облысының аумағында жұмыс жасаған. Ол осы кезде «қарап жүрмей», кәмелетке және 14 жасқа толмаған қыздардың порнографиялық бейнесін дайындап, материалдарды таратумен айналысқан. Бұл ойын іске асыру үшін ол ғаламтор желісі арқылы «В контакте» әлеуметтік желісімен «Патрик Браун» деген лақап атпен тіркелген аккаунтты пайдаланып, Орал қаласында кәмелетке толмаған қыз балалармен танысып, оларды порнографиялық суретке түсірген. Алайда оның бұл «кәсібі» ұзаққа бармай, әшкере болды.

2014 жылғы 15 қаңтарда аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-1-бабы 3-бөлімі «б» тармағымен (кәмелетке толмағандарды порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды жасау және айналымға шығару не оларды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысу үшін тарту) қылмыстық іс қозғалды.

П.Барух өз кінәсін мойындаған жоқ, бірақ кәсіби тергеу әрекеттерінің нәтижесінде оның қылмысы дәлелденіп, ҚР Қылмыстық кодексінің 273-1-бабы 3-бөлімі «б» тармағы, оған қоса 124-бабы 3-бөлімі (жас балаларды азғындату) бойынша айып тағылды.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз