Оралда жас келіншекті қағып өлтірген жүргізушіге қатысты үкім шығарылды

Орал қалалық сотының үкімімен П.Бокаушин ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі (абайсызда адам өліміне соқтырған жол қозғалысы немесе көлік құралын пайдалану ережесін бұзу), 347-бабы (жол-көлік оқиғасы болған жерді тастап кету) бойынша айыпты деп танылып, оған түпкілікті 2 жыл 6 айға бас бостандығынан және көлік құралын басқару құқығынан 5 жылға айыру жазасын қоныс колониясында өтеу белгіленді.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда,  П.Бокаушин орта дәрежедегі мас күйінде 4 қазан күні «Лифан» автокөлігімен Ғ.Құрманғалиев көшесінде реттелмейтін жаяу жүргінші өткелінде 1988 жылғы тұрғынды қағып кеткен. Екіқабат келіншек сол жерде жан тапсырды. Ал жүргізуші оқиға орнынан бой тасалаған.

Қылмыстық іс сот өндірісіне жеделдетілген тергеу тәртібімен түсті. ҚР ҚК 55-бабы бойынша жеделдетілген  сотқа дейінгі тергеу ісі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық үшін берілетін жаза мерзімі ең жоғары мерзімнің жартысынан аспауы керек. ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша 5 жыл, 347-бап бойынша 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске сала кетейік, жол-көлік оқиғасы кезінде қаза болған Анастасия Марченконың артында екі кішкентай баласы қалды.

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз