Панфилов дивизиясының ізімен автожорыққа қатысушылар Оралға келді

Алдағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Панфилов дивизиясының ізімен ұйымдастырылған халықаралық автожорыққа қатысушылардың Оралға келуіне байланысты Жеңіс алаңында салтанатты шара болды. 

Аталған шара 12 қыркүйек Алматыдағы 28-гвардияшы-панфиловшылар саябағында бастау алған. Оған Бішкектен келген арнайы делегация қосылған. Автожорыққа қатысушылар Астана - Қостанай - Ақтөбе - Орал бағытында жол шеккен. Автожорыққа қатысушылар құрамында генерал Панфиловтың жиені Алуа Байқадамова, Қырғызстан ардагерлер кеңесінің төрағасы, полковник Сталбек Асакеев, екі елдің Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен интернационалист-жауынгерлер бар. 

Автожорыққа қатысушылар Панфилов дивизиясы ұрыс салған жерлермен жүріп өтіп, жеңіс сарбаздары құрметіне қойылған ескерткіштерге тағзым етіп, гүл шоқтарын қоймақ. Майдан даласынан, сондай-ақ генерал-майор, Кеңес Одағының Батыры Иван Панфиловтың бейітінен топырақ алып, оны Бішкектегі Панфилов ескерткіші сияқты қастерлі орындарға жеткізбек.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев аталмыш шараның мән-маңызы айрықша екендігіне тоқталды.

Қазақстандық делегация жетекшісінің орынбасары, полковник Жұмажан Ерғалымовтың сөзіне қарағанда, мақсат - аға ұрпақ ерлігіне тағзым етіп, Қырғызстан мен Қазақстандағы майдангерлер ескерткіштеріне Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің соғысқан және генерал Панфиловтың жерленген жерінен топырақ әкеліп қою. Сондай-ақ, бір капсула Астанада бой көтеретін Иван Панфилов ескерткішіне қою үшін Елбасына тапсырылмақ.
И.Панфиловтың жиен немересі Алуа Байқадамованың атап өткеніндей, Панфилов дивизиясының даңқы еш уақытта өшпек емес.

Алуа - композитор Бақытжан Байқадамовтың қызы, генерал Панфиловтың жиені. Оның айтуынша, нағашы атасы Панфилов бірінші дүниежүзілік соғысқа дивизия командирі Чапаевтың тікелей шақыруымен қатысқан. Анасы, генерал Иван Панфиловтың үлкен қызы Валентина Ұлы Отан соғысы жылдарында 8-гвардиялық дивизия құрамында неміс басқыншыларына қарсы соғысып, төрт рет жарақат алған. 1944 жылы ауыр жараланғаннан кейін соғыстан қайтарылып, Қазақстандағы Лениншіл Коммунистік жастар одағының орталық комитетіне қызметке жолданады. Мәскеуден пойызбен келе жатып купе ішінде әкесі Бақытжан Байқадамовпен танысқан.
Шара соңында акцияға қатысушылар майдангер боздақтарға арнап Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Автожорыққа қатысушылар бұдан кейін Самара - Орынбор -Мәскеу барып, қайтарда Рязань, Орынбор, Ақтөбе, Астана арқылы Алматыға жетпек.

null

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз