Салмақты кемелер ШЫҒАРЫЛМАҚ

Отандық экономикадағы жаңа сала кеме жасаудың қыр-сырын меңгерген «Орал «Зенит» зауыты» АҚ компаниясы жаңа инвестициялық жобаны қолға алды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-турда мәлім болды.

Компанияның бас директорының бірінші орынбасары Виктор Гарчевтің айтуынша, жобаның бірінші кезеңіне компанияның өз қаржысы есебінен 400 миллион теңге жұмсалады. Жоба бойынша су ығыстырымдылығы 600 тонна болатын салмақты кемелер шығаруды бастайды. Мұндай кемелер теңіз күзетіндегі су көліктерін керек-жарақпен қамтып, жабдықтаушының қызметін көрсетеді.

Қазір «салмақты» кеме жасайтын цех қайта құрудан өтуде. Корпус қажетті әлеуетті крандармен, жабдықтармен, плазмалық кесу, металл майыстырғыш құрылғыларымен жабдықталмақ.

- Зауытта күні бүгінге дейін 23 кеме жасалды. Кәсіпорын кемелерді жасап, суға түсіреді, бірақ мұнымен іс бітпейді. Кепілді мерзім ішінде және одан кейінгі уақытта да сол кемелерге қызмет көрсетеді. Су көліктерінен ақау шығып жатса, жөндеуге қабылдайды, – деді Виктор Гарчев.

Өндіріс орнының ұсталық-тығыздау цехы көпфункциялы, металл беттерді түрлі пішінде кесіп дайындайды. «Жалпы өндіріс ошағындағы өнімдерді өндіру үрдісі ең алдымен осы цехтан бастау алады. Бұл –  басты цехымыз», – деді Виктор Гарчев. Кеме өндірісіне керекті металл табақшалар ғана емес, түрлі бөлшектер де осында «мүсінделіп» дайындалады. Мамандардың айтуынша, мұндағы құрал-жабдық сонау кеңестік заманнан пайдаланылып келеді. Өндіріс ошағы кезінде күнделікті керек-жарақ, эмальданған ыдыстар шығарды. Осы жабдықтардың көмегімен сол өнімдерді дайындауға қажетті металл дайындамалар жасалған. Цехтың өзі бірнеше учаскелерге бөлінген. Тығыздау (престеу) бөлімінде 10 тонналықтан басталатын пневматикалық, кривошиптік, 800 тонналық салмақта тығыздайтын гидравликалық пресс жабдықтары орналасқан. Қазіргі уақытта цехта Қорғаныс министрлігінің тапсырыстары бойынша кемелер жөнделуде.

Ұсталық учаскедегі металды шыңдау үрдісін аз-кем бақыладық. Газды пештердің ыстығынан ұзақ тұру қиындау. Металды шыңдау пештерде 800-ден 1200 градусқа дейін жүргізіледі. Одан төмен градуста дайындаманы шыңдауға болмайды десті мамандар.

- 1982 жылдан бері жұмыс істеймін. Арасында басқа жұмысқа ауысқанмен, ізінше кері қайтып келдім. Болаттан, алюминиийден, қоладан жасалатын дайындамалар да осында отқа шыңдалады, —  деді ұста Александр Колос.

Механикалық өңдеу цехының бастығы Алексей Потилиннің айтуынша, цехтың бір учаскесіндегі фрезерлік станоктарда  ұсталық цехта дайындалған дайындамалар өңдеуден өтеді. Түрлі бөлшектер жасалып, боялады. Цехта слесарьлық, дәнекерлеушілік жұмыстар атқарылады.

- Кеменің қозғалтқышының  валын токарьлық өңдеуден өткізудемін. Әдетте бір валды өңдеуге 15-20 күн кетеді. Жұмысымыз оңай көрінгенмен, асқан ұқыптылықты, ыждағаттылықты қажет етеді, — деді токарь Ғанимет Әлжанов.

«Зениттің» «жүрегі» іспеттес кеме жасау цехында кеме құрастырылуда. Алюминийлі магний құймасы материалынан  кеменің үстіңгі бөлігі жасалып жатты. Бір кемені жасауға жыл жарым уақыт жұмсалмақ. «Бір мезетте үш бірдей кемені жасайтын әлеуетіміз бар. Кәсіпорын тірлігі тапсырыстың түсуімен тығыз байланысты. «Барыс» желісімен кеме дайындалуда. Ол 2016 жылдың сәуір айында дайын болады. Одан кейінгіге тағы бір кеме жасауға тапсырыс алдық», – деді зауыттың бас технологы Алексей Солодовников.

Бас технологтің айтуынша, зауыттағылар әр кеменің өндірісіне инженерлік шығармашылықпен қарайды. Жасалып жатқан кеме Каспий теңізіндегі шекаралық күзет қызметіне арналған. Ол заманауи қару-жарақпен жарақтандырылып, жүйелік радиолокациямен және гидроакустикалық стансамен қамтылады. Гидроакустикалық станса зауыт конвейерінен шыққан бұрынғы кемелерде орнатылмаған. «Зенит» өңірдегі өзге кәсіпорындармен іскерлік байланыста, мысалға, «Омега» зауыты кемеге орнатуға қажетті су қондырғыларын, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ тиісті қару-жарақ түрімен қамтиды.

«Ресейдің кеме жасау тарихына 300 жылдай болған. Ал 1995 жылдан бастап кеме жасауды қолға алған «зениттіктердің» өнімдері сапасымен көршілердің кемелерінен кем түспейді», – деді мамандар.

Бүгінде зауытта 1000-ға тарта адам жұмыс істейді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз