Самара облысында Наурыз мерекесі кеңінен тойланды - ФОТО

Жылдағы дәстүр бойынша Самара облысының Кинель-Черкас ауданында Наурыз мерекесі кеңінен аталып өтті.

Биыл Самара жерінде Наурыз осымен оныншы рет тойланды. Жыл сайын әр ауданға тойлау кезегі берілетін мейрамға бұл жолы Ресейдің он төрт аймағынан, Алматы қаласы мен Батыс Қазақстан облысынан делегациялар қатысты.

Самара жерінде Наурыз мейрамының тұрақты тойлануы Тоқтарбай Дүйсенбаев жетекшілік ететін «Ақ жол» ұлттық-мәдени автономиясының белсенді іс-әрекетіне байланысты. Самара облысында 20 мыңдай ғана қазақ ұлтының өкілдері тұратындығына қарамастан, олар ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауға барынша пейілді. Осы жолы да «Ақ жол» автономиясының 13 филиалы тіккен киіз үйлер қазақтың біртуар тұлғалары Махамбет, Дина, Әлихан Бөкейханов, Шәкен Айманов және басқаларының есімдерін иеленіп, дастархандарын жайды. Кинель-Черкастың орталық алаңында толассыз ән шырқалып, би биленіп, күй шертіліп жатты.  Сондай-ақ қазақ күресі, қол күресі, арқан тартыс, «Жанұям - алтын бесігім» көп балалы отбасылар байқауы, «Ең үздік филиал» сынды түрлі сайыстарға да кезек берілді.

БҚО жұртшылығы атынан сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар самаралықтарға өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың құттықтау хатын табыс етті. Онда Қазақстан мен Ресейдің достығы, көршілес қос облыстың арасында өзара тиімді қарым-қатынастың жалғаса беретіні айтылған. Кинель-Черкас ауданының басшысы Алексей Попов та осындай шаралардың достық байланыстың беки түсетініне септесетінін атап өтті.

Алдағы жылы Наурыз мейрамын Сергиев ауданы ұйымдастыратын болды. 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтің айтуынша, Ресейдегі қандастарымыз арасында Наурыз мерекесінің осыншалықты көлемде тойлануы қуантады. Бұл - ұлттық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа табыстаудың бір жолы. Наурыз мейрамынан кейін келесі күні Самарада дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылып, онда Елбасы Жолдауының басты бағыттары айтылып, ресейлік қазақтардың көкейкесті мәселелері сөз болды.
наурыз  наурыз

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз