Шарапаты зор Мәуліт Ақжайық ауданында кең көлемде аталып өтілді

Ақжайық аудандық ішкі саясат бөлімі, «Таным» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек орталығы қоғамдық бірлестігі және Ақжайық ауданы мешіті имамдарының ұйымдастыруымен Мәуліт мерекесі кең ауқымда аталып өтілді.

Чапаевтағы мерекеде БҚО өкіл имамы Р.Сұлтанов, аудандық мәслихат хатшысы Д.Әбдрахманов құттықтау сөз сөйледі. Бөлім, мекеме басшылары, ардагерлер, колледж, мектептер оқушылары, тұрғындар қатары қалың болды. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің өмірінен сыр шертетін бейнефильм халық назарына ұсынылды. Аудандық халықтық театр ұжымы «Теріс діни ағымнан зардап шеккен отбасы» тақырыбында қойылым ұсынды. Абай атындағы мектеп-гимназия оқушысы А.Сағыныш пен М.Әуезов атындағы мектеп оқушысы Б.Хангерей «Дін ислам – діңгегім» атты көркемсөз оқып, жиналғандардың зор ықыласына бөленді. Әнші-термеші, «Қобыланды батыр» сыйлығының иегері С.Жанаев «Алладан басқа жоқ тәңір» деп жыр төкті.

БҚО өкіл имамы Р.Сұлтанов Пайғамбарымыз туралы, Мәуліт айының қадір-қасиеті туралы айта келе, бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелергеде тоқталып өтті. Ол дәстүрлі дін мен дәстүрлі емес діни ағымның ара жігін ажырата сөйлеп, жиналған жастар қауымына ғаламтордың кесапаты туралы толық мағұлмат беріп өтті.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана залында «Дін мен дәстүр – егіз ұғым» тақырыбында мектептер тәлімгерлері, оқушылары, агротехколледж студентерінің қатысуымен кездесу өтті. Кездесуді ашып жүргізген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Ғабдушев сөз сөйлеп ашқан осы кездесуде Р.Сұлтанов жастарға иман мәселесіндегі тәлім-тәрбиені көшеде кездейсоқ адамнан емес, діни сауатты танымал жандардан, мешіттерден алу қажеттігін қаперледі. Кездесу соңында кәсіпкер Қайыр Нух өзінің тойханасында қонақтарға, ардагерлерге арнайы дастарқан жайды.

Осындай мереке ауданның Ақжол ауылдық округінің Ілбішін ауылында Орал қалалық мешітінің наиб имамы Махамбет Мұқанғалиевтың қатысуымен өтті. Жиналғандарды белгілі ақын Сағынтай Бисенғалиев, ауылдық округ әкімі Болат Сүлейменов құттықтады, танымал ақындар Айнабек Бисенғалиев пен Мұрадым Мирланов мереке құрметіне кезектесіп жыр анады.

www.zhaikpress.kz
Болат ҚОСЖАНҰЛЫ
Ақжайық ауданы

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз