Шекарадағы өрт ресейліктермен бірлесіп сөндірілді

16 шілде күні 13 сағат 20 минутта Жәнібек ауданы Қамысты ауылдық округінің әкімі Бұрхан Өтеғалиевтен округ аумағында далалық жер жанып, оның көршілес Волгоград облысы Палласов ауданы Кайсацк ауылы жағына таралып жатқаны жөнінде хабар түскен.

Жәнібек аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, өртке қарсы қызмет капитаны Серік Алтаевтың сөзіне қарағанда, оқиға орнына Қамысты ауылдық округінен, сондай-ақ аудан орталығынан өрт сөндірушілер техникаларымен аттанған. Оған қоса Палласов қаласы мен Кайсацк ауылынан өрт сөндірушілер көліктерімен келіп жеткен. Сол бойда ҚР ҰҚК 2036-әскери бөлімінің бастығы, подполковник С.Жұмановқа да ескертіліп, ол арқылы Ресей шекарашыларына хабар жетіп, жедел топтар ұйымдастырылды. Сөйтіп өртті сөндіруге шекарашылар да қолұшын берді.

Бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде далалық жану сол күні 20 сағат 15 минутта сөндірілді.

Қамысты ауылдық округінің мәліметі бойынша шаруа қожалықтарына залал келген жоқ, ешкім зардап шекпеген. Жану көлемі 233 гектарды құрады.

Палласов ауданы азаматтық қорғаныс және ТЖ бөлімінің бастығы М.Зубковтан түскен дерек бойынша Кайсацк ауылы аумағында 10 гектар дала жанған, материалдық залал жоқ, адамдар жарақаттанбаған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қадыр Бисембаевтың айтуынша, батысқазақстандық және ресейлік өрт сөндірушілер бірлесіп қимылдай алатындығын осылайша көрсетті.

Биыл Батыс Қазақстан облысында дала өрті азаймай отыр. Республикалық дағдарыс орталығынан түскен мәліметке қарағанда, бүгін Бөрлі, Сырым аудандарында және Бөкей ордасы мен Жәнібектің аралығында далалық жер жануда, қазіргі кезде бұлар сөндірілу үстінде.
2 

3 

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз