Сәт сапар, арманға қанат қаққандар!

Кеше Орал қаласының бас алаңы – ақын Абай ескерткішінің алдында биылғы мектеп түлектерінің балы өтті.

Алтын ұя мектебі және ұстаздарымен қоштасу кешіне қимастықпен жиылған түлектерді құттықтауға олардың ата-аналары, тума-туыстары келді. Ақ жол тілеп, баталарын беруге кештің құрметті төрінен соғыс  және  еңбек  ардагерлері  табылды.

Түлектерді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен Орал қаласының әкімі Алтай  Көлгінов  құттықтады.

– Қымбатты мектеп түлектері! Құрметті қонақтар, мұғалімдер, ата-аналар! Баршаңызды  оқу жылының сәтті аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Жастар – біздің еліміздің стратегиялық ресурсы, яғни жарқын болашақ бүгінгі жастардың  қолында»  деген  болатын.

Елдің болашағы жас ұрпақтың білімімен өлшенетіні бүгінгі таңда ақиқатқа айналып отыр. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге облысымыздағы 4735 мектеп бітірушінің 3307-сі қатысты. ҰБТ қорытындысы бойынша орташа жинақ балл 81,25-ті құрады. 112 түлек «Алтын белгі», 37 түлек «Үздік  аттестат»  иегері атанды. Бұл – түлектердің, олардың ата-аналары мен ұстаздарының қажырлы еңбегінің  нәтижесі.

Сіздер бүгін жалпы орта мектепті бітіріп, үлкен өмір жолына жолдама алып отырсыздар. Мектеп бітіру кеші – болашаққа бастау алар ақ жол. Биікке ұмтылған әр түлек өз шыңын бағындырып, Отанымыздың дамуына ерен үлес қосатын, жастық жалын, іскерлік қарым-қабілетімен ерекшеленетін азамат болатынына сенемін. Сіздер еліміздің қай түкпірінде жүрсеңіз де, өз мектептеріңді, білім нәрімен сусындатқан ардақты ұстаздарыңызды ұмытпаңыздар, – деді құттықтауында облыс басшысы.

Нұрлан Асқарұлы ҰБТ-да облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш – 123 балл жинаған «Алтын белгі» иегерлері – Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласындағы №4 мектептің түлегі Ақмарал Миндеева мен Теректі аудандық лингвистикалық гимназия түлегі Нұрлан Азаматовқа ноутбук табыс етті. Сондай-ақ өңір басшысы өз сөзінде ҰБТ нәтижесі бойынша республиканың үздік мектептері анықталғанын, кең байтақ Қазақстан бойынша бірінші және екінші орынды біздің облыстың екі мектебі иеленгенін айтып өтті. Сол екі білім ошағы – Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат пен дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 Батыс Қазақстан облыстық қазақ мектеп-интернат кешені директорларын ортаға шақырып, құрмет көрсетті. Ортаға шақырылған 70 «Алтын белгі» иегеріне төсбелгілерін табыстады.

Салтанатты жиында алаң төріне үздік аттестатқа ие болған түлектер, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, спорттық додалар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары шақырылып, оларға ілтипат көрсетілді. Сахнаға көтерілген мектеп директорлары түлектеріне ақ жол тілеп, ізгі ниеттерін жолдады. Өнерімен елге танылып үлгерген мектеп оқушылары ән-күйімен жиылған қауым-ның мерекелік көңіл күйлерін шалқыта түсті.

Құттықтаулар легі толастай келе, алтын ұяларынан асқақ армандарына қанат қаққалы тұрған балауса бойжеткендер мен бозбалалар 11 жылғы білім сапарында бой мен ой жарыстырып, сырласып өскен сыныптастарымен шыр айнала вальс биледі. Осы сәт жанарға жас үйіріп, көңілді қимастық кернеп, түлектер үшін соңғы рет сыңғырлай қоңырау соғылды. Шара соңында мектеп бітірушілердің құрметіне арналған маусымның тымық кешін жаңғырықтырып, түнгі алқаракөк аспанды алуан түске бояй төгілген жұлдызжауын да армандастардың жадында өмір бойы сақталары анық.

Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,

облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры:

– Соңғы бес жылдың білім көрсеткіші бойынша біздің мектеп республика бойынша бірінші орында. Білім министрі шақырып, кездесуде болдым. Мектебіміздің биылғы түлектері, бір сыныптың 23 оқушысы «Алтын белгі» иегері атанып отыр. Түлектерімізге жарқын болашақ тілейміз!

Ерсайын САПАРОВ,

дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің директоры:

– Биылғы 56 түлегіміздің 11-і «Алтын белгі», екеуі «Ерекше аттестат» иесі атанып, шәкірттеріміз  үмітімізді ақтады. Біздің мектептің биылғы орташа балы – 103. Соңғы бес жылдағы ҰБТ көрсеткіші бойынша мектебіміз елімізде екінші орыннан көрінді. Ұстаздар қауымына алғыс айтамыз, түлектеріміздің өмірден өз орындарын табуын тілейміз.

Айгүл  НИЕТОВА,

ата-аналардың  өкілі:

– Барлық мектеп бітірушілердің ата-аналарын құттықтаймын. Біздің де баламыз Әсет Асанұлы қазақ-түрік лицейін тәмамдап, ҰБТ-да 110 балл жинап, мерейімізді үстем етті. Инженер мамандығын таңдап отыр. Іргелі шетелде білім алып, еліміздің дамуына үлес қоссам деген арманын бізден жасырмайды. Балаларымыздың арманы зор, үміттері мол. Үлкен өмір жолына, асқақ арманға жеткізер алыс сапарға шыққалы тұрған ұл-қыздарымыздың әрқайсысы еліміздің арқасүйер тұлғасына айналғай деп аналық ақ тілегімді жолдаймын.

Шынар ЖІГЕРОВА,

Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі:

– Бүгіннен бастап оқушы емес, талапкерміз. Назарбаев университетінде білімімді жалғастырмақ ойым бар.  Тап қазір бізге қуаныш та, қимастық та тән. 11 жылдық білім сапарын тәмамдағанымызды жан-дүниемізбен сезініп, көзіміз көріп, аттестатымызды қолымызбен ұстап тұрғанымызбен, әлі де көңіл сенбейді. Күні кеше сияқты еді мектеп табалдырығын аттағанымыз...

Дмитрий РЕПЕЧКО,

Орал қаласындағы №23 мектептің түлегі:

– Тарих пәнінен аздап қиналдым, 111 балл жинадым. «Алтын белгіні» қорғағаныма қуаныштымын. Білім берген ұстаздарымызға, ұдайы қолдау көрсеткен ата-аналарымызға, туыстарымызға, сыныптастарымызға алғыс айтамыз. Физика пәнін таңдадым, байланысшы мамандығын меңгермекпін. Барша құрбы-құрдастарыма сәттілік тілеймін. 

Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ, «Орал өңірі»
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз