Суармалы жерлерді тиімді пайдаланып, мал шаруашылығы өнімін экспортқа бағыттау қажет - БҚО

Суармалы жерлерді тиімді пайдаланып, мал шаруашылығы өнімін экспортқа бағыттау қажет. Бұл туралы кеше Жаңақала ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәлім етті.

Аталмыш ауданға биыл су жақсы келді. Дегенмен шешілмеген мәселелер де бар. Айталық, облыста ешкімнің иелігінде жоқ тоғандар бар. Жекелешендіру кезінде бұларды иеленгендер кейін тастап кеткен. Тоғандарды толтырып, жыл бойы мал суару үшін тиімді пайдалану қажет-ақ. Ал суармалы жерлер құнарлы мал азығын дайындауға мүмкіндік береді. Тиісті құжаттарын жинап, мұндай тоғандарды заңдастырып, балансқа алу керек. Облыстық немесе республикалық бюджетке тапсырыс бермей-ақ мұны аудандық бюджет арқылы жасауға болды. Содан кейін нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасын жасап, күрделі немесе орта жөндеуден өткізуге болады.

Өңір басшысы бұл мәселені облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұловқа бақылауға алуды тапсырды.

Ең бастысы, Жаңақала ауданында мал шаруашылығы жақсы дамыған. Жаңақаланың еті Атырау және Маңғыстау облыстарына жиі жеткізілуде. Биыл жаңақалалықтар Атырау қаласында ет павильонын бітіруді жоспарлауда. Бұл ет өнімдерін делдалдарсыз, тікелей сатуға мүмкіндік береді. Осы орайда бәсекеге қабілетті болып, ірі келісімшарттар арқылы, тұрақты жолмен мал өнімдерін үздіксіз жөнелту үшін ұсақ шаруашылықтардың басын қосып, ірілендіру бағытында аудан әкімі Лавр Хайретдинов барлық шараны алуы тиіс.

«Жаңақала ауданында етті экспортқа шығаруға мүмкіндік мол. Асыл тұқымды мал басын көбейтуде де бұрыннан қалыптасқан тәжірибе бар. «Агробизнес - 2020» бағдарламасына қатысып, демеуқаржыға қол жеткізу үшін бірігу керек. Яғни шаруашылықта мал басы жеткілікті болса ғана бағдарлама игілігін көру мүмкіндігі молая түседі. Мұны естен шығармау керек», деді әкім.

Облыс басшысы осы жолғы сапарында Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов, Ақжайық аудандарында да болып, аталмыш бағдарламаның жергілікті жерде жүзеге асырылу барысымен жақынырақ таныспақшы.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз