Тас жолдың жағдайы тексерілді

Облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиевтың бастауымен өңіріміздегі жол саласы мекеме-кәсіпорындарының және мердігер компаниялардың  басшылары Тасқала ауданына келіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Орал-Тасқала-Озинки тас жолының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Аталмыш делегацияның Тасқалаға келуіне аудан әкімі Санжар Әлиевтің облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловқа жазған хаты себепші болды.  Хатта аудан басшысы алдағы көктемгі су тасқыны кезінде күре жолдың құрылысына байланысты бірқатар мәселелер туындауы мүмкін екенін жеткізген болатын. Егер жолдың кейбір тұстары биыл бітпесе, айналма жолдың көктемде су астында қалу қаупі бар. Бұл республикалық маңызы бар автомагистральмен жүретін халықаралық дәрежедегі көлік маршруттарының жүруін қиындатады. Сол себепті жолдың бойына уақытша су ағатын құбырлар орнатқан жөн.

Көктемде оңтүстік беткейдегі таулардан еріп аққан су сол құбырлар арқылы өтіп, Деркөл өзеніне құйылады. Ал ауылдарға жақын маңдағы жол бойына тиісті көлемде құбырлар салынбай қалса, ондағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға да суға кету қаупі төнуі әбден  ықтимал. Сонымен қатар арнайы су өткелінің барлығы әлі күнге дейін ашық-шашық күйінде жатыр.

Сапары барысында бұл мәселенің бәріне жіті көңіл аударған Нариман Төреғалиұлы тиісті мекеме мен мердігер компаниялар басшыларына олқылықтарды жойып, қажет шараларды дер кезінде қолға алу турасында нақты тапсырмалар жүктеді.

Манас МАРАТҰЛЫ

http://oraloniri.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз