Тату елде сән бөлек

Зеленовтықтар Қазақстан халқы бірлігі күнін ерекше сипатта, жарқын көңілмен қарсы алды. Қырықтан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері жарасымды бірлікте ғұмыр кешіп жатқан Зеленов ауданының халқы үшін бұл мерекенің маңызы терең, мәні бөлек.

Бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай табысып, еңбекке жұмылып, қуаныш-қайғыны бірге бөліскен тату халқымыз мерейлі мерекеде орталық алаңнан табылды. «Ынтымағы жарасқан туған ел!» тақырыбында өткен мерекелік шарада қазақ, өзбек, орыс, армян, беларус, украин, молдаван, грузин, татар ұлттарының салт-дәстүрлері сахналанып, ән-биі шырқалды. Ел иесі қазақ халқына арналып ақжарма тілектер жолданды.

Шараға қатысқан аудан әкімі Кәрім Жақыпов татулығы жарасып, ел ертеңінің берекелі болуы үшін ортақ мүддеге тоғысқан аудан халқына, алғысын білдіріп, толайым табыс тіледі. 

Достық салтанат құрған шарада ұлттар мен ұлыстардың әуелете шырқалған халық әндері жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйласа, халықтар достығын айшықтаған «Достық» биі әсерлі кештің жарқын көрінісіне айналды.

Ұлттық әндерімен сахна төріне шыққан татар ұлттық мәдени бірлестігі «Шатлық», орыс ұлттық мәдени бірлестігі «Калинушканың» өнерлеріне тәнті болған жұртшылық достық әнін бірге шырқаса, бірлігі мызғымас тату елдің ұрпақтары «Сәлем, саған, туған ел!», «Елім-ай» әндерін көк аспан астында қалықтатты.

Әрқайсысы өз тілінде сәлемдесіп, әсерлі әнін шырқап, тамаша биін орындаған өнерпаз бауырларымыз қазақ халқының кеңдігі мен киелі топырағына деген ыстық ықыластарын осылайша білдірді.

Мамыражай тірлікті, ынтымақты бірлікті ұлықтаған зеленовтықтар лайым елімізге ашық аспан, достық пен келісім, береке-бірлік салтанат құрғай деп тарасты.

http://zhaikpress.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз