Татулықты сақтау - баршамыздың борышымыз - М.Бокаев, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі ақсақалдар алқасының төрағасы, БҚО

Елімізде сүттей ұйып отырған ұлттар бірлігін, татулықты сақтау - баршамыздың  абыройлы парызымыз.

Бұл туралы Ақсай қаласында тұратын еңбек ардагері, қазақ тілінде әдеби шығармалар жазатын қаламгер, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі ақсақалдар алқасының төрағасы Мұхтар Бокаев мәлім етті.

-Біз қазақ халқының бауырмалдылығын, қонақжайлылығын, өзге ұлт өкілдерін ұйыстырудағы көшбасшылығын ешқашан да ұмытпауға тиістіміз, деп бастады сөзін М.Бокаев. Биыл шешен-ингуш халқының Қазақстанға күштеп көшірілгеніне тура 70 жыл толып отыр. Сол кезде мен бес-алты жастағы бала болсам да, қасіретті кезең ауыртпалығын сезінбеу мүмкін емес-ті. Атамекенінен жер аударылып, басынан еркі кеткен халықтың қаншама шығынға ұшырағаны, қандай ауыр зардап шеккені кейін айтылып жатыр ғой. Міне, осындай қиын-қыстау сәтте бізді қазақ халқы құшағына алып, дәмін берді, төрін ұсынды. Әйтпегенде аштықтан қырылып қалатын ба едік, кім біледі. Менің қазақ тілін үйреніп, қазақтарға жақын өсуім де елге,  халыққа деген құрметім болар, бәлкім.  Кейін еңбек етіп, ел қатарына қосылдық. 1957 жылы Шешен-ингуш автономиялық республикасы құрылғанда да, біз Қазақстаннан кетпей, қалып қойдық. Қазір Ақсай қаласында өмір сүріп жатырмыз.

Біріншіден, зейнеткер болсам да, қоғамдық қызметтен қол үзген жоқпын. Ассамблеядағы жұмысыма қоса Ақсай қаласы ардагерлер ұйымының төрағасымын.  Бөрлі аудандық ардагерлер ұйымының  төрағасы Садық Мырзағалиевпен бірге жоспарланған істі барынша атқарып келеміз. Қазіргі таңда ауданда 5425-тей зейнеткер болса, соның 18-і ғана - Ұлы Отан соғысының ардагері. Сондай-ақ 38 ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Олардың арасында қазақ, орыстан басқа, кәріс, татар, неміс, украин, ұйғыр, әзірбайжан, армян және басқа ұлт өкілдері баршылық. Соңғы кезде аудандық мәдениет үйінде облыстағы этномәдени бірлестіктердің филиалдары құрылып, өз салт-дәстүрлерін дамыту бағытында жұмыстарын өрістетіп жатыр. Мысалы, қазір 1 мамыр мерекесіне қызу әзірленудеміз. Бұл күні орталық Абай даңғылы бойында өз көрме-бұйым, жетістіктерімізді көрсетіп, ұлттық тағамдарымызды ұсынамыз. Жақында кәріс және шешен-ингуш халықтарының күштеп көшірілгеніне орай түсірілген «Жерұйық» фильмі Ақсай қаласындағы алты мектептің оқушыларына көрсетілді. Бұл, бір жағынан, өткеннен, айналадағы болып жатқан оқиғалардан сабақ алып, еңселі ертеңімізге қарап, бой түзеу болса керек.

«Елбасымыз бұдан он тоғыз жыл бұрын көрегендікпен құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы сан ұлт өкілдерінің басын біріктіріп, ортақ мақсат-міндетке жұмылдырып келеді. Ассамблеяның алдағы сессиясынан да тың жаңалықтар күтеміз. Ең бастысы, ел бірлігін нығайта отырып, татулық туын биік ұстауымыз керек. Оған бәріміз де атсалысуға тиістіміз», деп түйіндеді ойын М.Бокаев.

inform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз