Таяуда Қазақстанға келетін Британияның Сауда министріне БҚО туралы айтатын боламын - Кэролин Браун

27 қазан күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірге жұмыс сапарымен келген Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі, доктор Кэролин Браунды қабылдады. 

Кэролин Браун бұл қызметіне 2013 жылдың қаңтар айында кіріскен. Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігінде 1985 жылы қызметін бастаған ол кейін Мәскеуде, Нью-Йоркте, Брюссельде және Бакуде әртүрлі қызметтерде болды.

Облыс басшысы құрметті мейманмен қысқаша амандықтан соң әңгімені қазақ тілінде бастады. - Батыс Қазақстан облысы көршілес Ресей елінің бес бірдей аймағымен шектеседі. Облыс экономикасының негізгі күретамыры - ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп. Дүние жүзіне танымал Қарашығанақ кен орны бар. Біздің облыс Еділбай қойы мен Көшім тұқымдас жылқының Отаны саналады. Ауыл шаруашылығын қолдау жөніндегі бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асуда. Ет экспортын арттыру жақсы жолға қойылды. Жол құрылысы қарқын алды. Орал қаласындағы әуежай күрделі жөндеуден өтуде. Таяуда қайтадан ашылады. Қазақша жақсы түсінеді екенсіз. Сондықтан, ана тілімде сөйлеп отырмын, - деді Нұрлан Асқарұлы.

Бұдан соң сөз алған Кэролин ханым да қазақша сайрай жөнелді. Бірер жыл ішінде қазақ тілін тым-тәуір үйреніп қалған елші үш тілде сөйлейді екен. Өзінің айтуынша, Орал қаласына бірінші рет жолы түскен. «Түске дейін Ақсай қаласында болдық. Қарашығанақ кенішімен таныстым. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мырза облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуы барысы туралы мол мағлұмат берді. Қазақ және орыс тілдерінде сұхбаттастық. Бұдан былай Ұлыбритания елінің бизнесмендерімен қарым-қатынас жақсарады деген үміттеміз. Таяуда Қазақстанға Британияның сауда министрі жұмыс сапарымен келмек. Мен оған Батыс Қазақстан облысы туралы айтатын боламын», - деді Кэролин ханым.

Айта кетейік, БҚО-ның Ұлыбританиямен сыртқы сауда айналымы биылғы сегіз айда 15,2 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылғыдан 7,8 пайызға өскен. 

null

http://kazinform.kz
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз