«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жылжымайтын мүлікті сатып алу мәмілелерін жасау үрдісі 3 күнге дейін қысқарды

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жылжымайтын мүлікті сатып алу мәмілелерін жасау үрдісі 20 жұмыс күнінен 3 күнге дейін қысқарды. Бұл туралы кеше Алматыда банк басшылығының риэлторлық компания өкілдерімен кездесуінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов мәлім етті.

Оның айтуынша, бұдан былай жылжымайтын мүлік сатып алу мақсатында мәміле жасау үшін алынатын комиссия мөлшері де қысқармақ.

«Банк алдағы 1 шілдеден бастап депозит ашу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа қызметті іске қосады. Біз жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін рәсімдеу процедураларын оңтайландырдық. Банктің Алматы және Астана қалаларындағы бөлімшелерінің операциялық залдарында Халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашып, нотариустарға арналған кабинеттер әзірледік. Яғни, заем алуды қоса алғанда, банктен шықпай-ақ жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жасай беруге болады. Және біз мұнымен шектелмейміз. Қазір барлық банктік операцияларды электронды түрде жүргізуге мүмкіндік беретін және мәмілелерді қашықтықтан тіркейтін жүйені құру мәселелері талқылануда», - деді Айбатыр Жұмағұлов.

Сонымен қатар тұңғыш рет «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мен риэлторлық компаниялар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бүгінгі кездесуге Қазақстан риелторларының бірлескен қауымдастығының өкілдері және оның президенті Нина Лукьяненко бастаған алпысқа жуық жылжымайтын мүлік агенттіктерінің басшылары қатысқан болатын. Банктің ынтымақтастық туралы ұсынысы жылжымайтын мүлік нарығы мамандарының қызығушылығын туғызды. Енді меморандум бойынша риэлторлар мәміле тараптарына несие беру талаптарын түсіндіре отырып, банк агенттері ретінде әрекет жасайды, ал Банк барлық мәмілелердің мейлінше аз уақытта рәсімделетіндігіне кепілдік береді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің пайыздық мөлшерлемелері кем дегенде үш жыл жинақтаған жағдайда, жылына 3,5%-дан басталатынын естеріңізге сала кеткен жөн. Мұнымен қоса, банк алдын ала жинақтаусыз, жылына 7,5% басталатын мөлшерлеме бойынша заемдар береді.

Қазіргі уақытта «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» тек қана мемлекеттік бағдарламалар бойынша тек мемлекеттік қызметшілерге заем берумен шектелмейді. Барлық талаптарды сақтаған жағдайда, Қазақстанның барлық азаматтарының, тіпті табысы орта және одан төмен болған жағдайда да тұрғын үй құрылыс жинақ қаражаттарына пәтер немесе үй сатып алуға мүмкіндіктері бар.

http://www.inform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз