Ұ.Қарабалин Батыс Қазақстанның мұнай өңдеу орындарымен танысты

Кеше Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин өңір басшысы Нұрлан Ноғаевпен бірге алдымен Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округіне қарасты Магистральный ауылы маңындағы «B.N.Western Munai Gas Ltd» ЖШС-ның  Батыс Қазақстан облысындағы филиалының көмірсутегі шикізатын өңдеу кешенінде болып, оның тыныс-тіршілігімен танысты.

Аталмыш компанияның БҚО-дағы филиалының директоры Вадим Айташовтың министрге мәлім еткеніндей, көмірсутегін өңдеумен айналысатын кәсіпорын жылына 150 мың тонна мұнай өнімдерін өндіреді. Индустрияландыру картасы аясында компания өндірісті ұлғайтуға, көмірсутегі шикізатын өңдеу мен сақтау қуаттарын жылына 200 мың тоннаға дейін кеңейтуге жоба жасақтаған. Жобаның жүзеге асырылуы еліміздің батыс аймағының мазут, бензин, дизель отыны сықылды мұнай өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта өңдеу кешенінде бес өңдеу қондырғысы жұмыс істейді.  Мұнай және газ министрі жоба макетін көріп, жобаның іске қашан қосылатынын, жаңа қондырғылардың қайдан алынатынын сұрап білді.

«Зауыт қуатын арттыру мақсатында екі өңдеу қондырғысын Украинадағы «УкрНефтеМаш» компаниясынан сатып алып орнатуды жоспарлағанбыз. Өйткені бұдан бұрын украиналық компаниядан әрқайсысы 30 мың тонна өнім беретін бес технологиялық қондырғысын алып, орнатқанбыз. Алайда Украинадағы саяси жағдайға байланысты қондырғы алу мәселесі қиындады. Сондықтан жобаны толықтай іске қосуды биылғы жылдың желтоқсан айынан  2015 жылдың екінші жартыжылдығына ауыстырдық. Украинадағы жағдай тұрақталатын болса, жабдықты сатып алу Алматыдағы компанияның бас офисінің келісімшарты бойынша жүргізіледі. Бірақ бүгінде құрал-жабдықты Қытай немесе Ресейден сатып алу мәселесі де қарастырылуда», - деді В.Айташов.

Қолға алынған жобаның құны - 900 миллион теңге. Компания жобаны «жандандырып», одан кейін өндірілген мұнай өнімдерінің 60 пайызын экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Зауыт шикізатты негізінен Зеленов ауданындағы кен орындарынан және Ресейден тасымалдауда. Жоба іске қосылғанда, көмірсутегі шикізатымен «Нефтэк», «ҚазНефтеГазЭкспорт», «Аlliance Succes Group» ЖШС компаниялары қаматамасыз етеді. Қазіргі уақытта компания филиалында 130 адам жұмыспен қамтылған, соның 43-і - Теректі ауданының тұрғындары. Бір адам жақында еңбек биржасы арқылы  токарьлық жұмысқа қабылданған. 2015 жылы жоба жүзеге асқан жағдайда, құрылыс жұмыстарына 200-ге тарта адам тартылады. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң осы 200 жұмысшының ішінен 40 адам оқытудан өтіп, жаңа тұрақты жұмыстарға алынбақ.

Макет жанындағы әңгімелесуден кейін министр өңдеу кешенін аралап өтті.

Бұдан кейін ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Бөрлі ауданында болып, Қарашығанақ өңдеу кешені, «Конденсат» АҚ-ның моторлы отын өндіретін жобасы және Ақсай индустриялық паркінің жұмысымен танысты.

http://kazinform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз