Ұлыстың ұлы күні барлық ұлт өкілдерінің құшағы ашық, көңілі көтеріңкі - В.Батпаев, подполковник, БҚО

Ұлыстың ұлы күні барлық ұлт өкілдерінің құшағы ашық, көңілі көтеріңкі. Әсіресе, қазақ халқының қонақжайлылығына, бауырмалдығына аса тәнті боламыз.

Бұл туралы ішкі әскерлердің «Батыс» өңірлік қолбасшылығы медицина қызметі бөлімінің бастығы, подполковник Виктор Батпаев мәлім етті.

«Наурыз мейрамы ерекше жылылығымен, мейір-нұрымен, көктемнің жырымен тартады. Бұл күні адамдар бір-біріне жақындай түсіп, әр үйде дастархан жайылып, ешбір үйдің есігі кілттенбейді. Дастархан бай болса, жыл жемісті болады деген түсінік бар. Жыл сайын «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде де мәдени-демалыс шаралары ұйымдастырылады. Киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленеді, халықтық салт-дәстүрлер көрсетіліп, спорттық жарыстар өтеді. Біздер бұған отбасымызбен келіп, уақытымызды көңілді де қызықты өткіземіз. Жыл сайын мен қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын біле түсемін. Сосын үйде дастархан жайып, үстелге міндетті түрде қазақтың ұлттық тағамдарынан да қоямыз. Биыл да солай болды. Елбасы айтқандай, бірлік бар жерде барлық мақсатқа қол жеткізетін боламыз. Ең бастысы, бейбітшілік пен тыныштыққа жететін ештеңе жоқ», деді В.Батпаев.

http://www.kazinform.kz/
Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз