Ұлыстың ұлы күнін тойлау «Қош келдің, құтты жылым» атты театрландырылған көрініспен басталды - ВИДЕО

Орал қаласында 21 наурыз күні Наурыз мерекесіне арналған шаралар Сырым Датұлы атындағы алаңда «Қош келдің, құтты жылым» атты театрландырылған көрініспен басталды.

Ұлыстың ұлы күніне орай Ақ Жайық жұртшылығын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құттықтап, жыл басы Наурыз екендігін, оны халқымыз ықылым заманнан бері тойлап келе жатқандығын, қазіргі кезде барлық ұлт өкілдерінің ортақ мейрамына айналғанын атап өтті. «Елбасы атап көрсеткендей, басты байлығымыз - береке-бірлігі жарасқан халқымыз. Еліміздің барлық өңіріндегідей, Батыс Қазақстанда сан ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, Қазақстанның одан әрі дамуына өз үлесін қосып келеді. Бірлік бар жерде тірлік бар, елдік бар. Ырыс-ынтымағымыз арта берсін», деді әкім.

Алаңдағы сахнадан Наурызға байланысты ұлттық-салт дәстүрімізді насихаттайтын көріністер көрсетіліп, облыс өнерпаздары әуелеген ән, күмбірлеген күйден, мың бұралған биден шашу шашты.

М.Ықсанов көшесі бойында ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылды. Балуандар қазақ күресінен жеңімпаздарды анықтаса, жиналған халық ұлттық тағамнан дәм татып, бір-бірімен қуана көрісіп жатты.

Оралда Наурызды тойлауға, мерекелік безендіруге қала бюджетінен 4,5 млн. теңге жұмсалды.

Наурыз мерекесіне арналған шаралар облыс орталығы мен аудандарда одан әрі жалғасуда.
орал2 
 

Бөлісу: 

Жаңа пікірді жазу

CAPTCHA
Сіз робот емес екендігіңізді дәлелдеу үшін сұраққа жауап беріңіз